Өзбекстанның алтын-валюта қоры 1,1 млрд долларға қысқарды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл маусымда Өзбекстанның халықаралық резервтері мен алтын валюта қоры 1,1 млрд долларға кеміді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанның алтын-валюта қоры 49 миллиард доллардан асты
Фото: Podrobno.uz

1 шілдедегі мәліметке сай, Өзбекстан Орталық банкінің резервіндегі активтердің жалпы құны 48,5 млрд долларға бағаланған. Бұдан бір ай бұрын, яғни мамырдың қорытындысы бойынша көршілес елдің алтын валюта қоры 49,6 млрд долларға бағаланып, рекордтық көрсеткішке жеткен.

Бұл ретте шетел валютасындағы резервтер 11,4 млрд доллардан 9,5 млрд долларға дейін азайды.

Ал қамтылып отырған аралықта Орталық банк қоймаларында сақтаулы тұрған алтынның бағасы 763 млн долларға қымбаттап, 38,4 млрд долларға теңелді.

Сонымен қоса, елдегі алтынның көлемі 11,4 миллион унциядан (323,18 тонна) 11,7 миллион унцияға (331,68 тонна) дейін ұлғайды.

Еске салайық, биыл қаңтарда Өзбекстанның халықаралық резервтері мен алтын валюта қоры ұлғайып, рекордтық көрсеткішке жеткен еді.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 11 айында Өзбекстан 8,15 млрд долларға бағаланған алтынды экспорттады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп және өз кезегінде рекордтық көрсеткіш саналады.

 

Соңғы жаңалықтар