Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 47 млрд долларға жуықтады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 46,9 млрд долларға теңелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Экономика және қаржы министрлігінің есебіне сай, жалпы соманың 39,7 млрд доллары сыртқы қарыз, ал 7,2 млрд доллары ішкі берешек. Осылайша, елдің жиынтық мемлекеттік қарызы ішкі жалпы өнімнің 26,6 пайызына теңелді.

Қазіргі уақытта республикаға көп несие берген халықаралық қаржы ұйымдарының көшін Дүниежүзілік банк бастап ($9,04 млрд) тұр. Одан кейін тізімде Азия даму банкі ($8,28 млрд), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі ($2,28 млрд), Қытай экспорт-импорт банкі және осы елдің өзге де ұйымдары ($3,9 млрд) жайғасқан.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Өзбекстан ДСҰ-ның тең құқылы мүшесі атануға ниетті.

Сонымен қатар таяуда Өзбекстанның Орталық банкі базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, Самарқандта өткен Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 59-шы отырысында Шавкат Мирзиёев жаһандық қақтығыстар ОА елдері үшін жүк тасымалы құнының 30%-ға дейін өсуіне себеп болып жатқанын айтты.