Өзбекстанның Орталық банкі базалық мөлшерлемені 13,5% деңгейінде сақтап қалды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Өзбекстан Орталық банкінің басшылығы базалық мөлшерлемені жылдық 13,5% деңгейінде сақтап қалу шешімін қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстанның Орталық банкі базалық мөлшерлемені 13,5% деңгейінде сақтап қалды
Фото: Review.uz

Орталық банктің мәліметінше, жоғары тұтынушылық сұраныс, инвестициялық белсенділік және кейбір тауар мен қызмет бағасының өзгеруіне байланысты инфляцияға айтарлықтай күш түсіп отыр.

«Инфляцияны тұрақты негізде төмендету және орта мерзімді перспективада 5 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу мақсатында қатаң ақша-несие саясатын ұстану маңызды. Макроэкономикалық даму және инфляция факторларын ескере отырып жүргізілген болжамға сай, Орталық банк базалық мөлшерлемені жылдық 13,5% деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдады», - делінген Орталық банктің хабарламасында.

Сондай-ақ инфляцияның қазіргі және алдағы деңгейіне қатысты тұрғындар мен кәсіпкерлердің болжамында айтарлықтай айырмашылық сезіледі. Атап айтқанда, қыркүйекте жүргізілген сауалнама нәтижесіне сай, халықтың басым көпшілігі инфляция 13,3% деңгейінде болады десе, кәсіпкерлер ол көрсеткіш 12,6%-дан аспайтынын алға тартқан.

«Қолданылып отырған қатаң ақша-несие саясатының нәтижесінде биыл төртінші тоқсанда инфляция біршама төмендеуі ықтимал. Яғни, жыл қорытындысы бойынша жалпы инфляция көрсеткіші шамамен 9,5% деңгейінде болуы мүмкін. Қаңтар-қыркүйек аралығында экономиканың барлық негізгі салаларында байқалған оң динамиканың арқасында жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6,6%-ға теңелді. Осының негізінде биыл Орталық банк ЖІӨ-нің нақты өсу қарқынын 6%-6,5% деңгейінде болжап отыр», - деп атап өтті Өзбекстанның Орталық банкінен.

Бұған дейін хабарлағынымыздай, жыл соңына қарай Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі 6-6,5% өсуі ықтимал.

Еске салайық, бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстанның ЖІӨ биыл 6,5%-ға, ал 2025 жылы 6%-ға өсетінін болжаған еді.

Сонымен қатар, Өзбекстан 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін $200 млрд жеткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар