Өзбекстанның үш мәдени мұрасы ЮНЕСКО тізіміне енгізілді

ЮНЕСКО Үкіметаралық комитетінің 18-ші сессиясында Өзбекстаннан үш номинация адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Kazinform. 

Өзбекстан
Фото: unesco.org

Өзбекстанның мәдениет және өнерді дамыту қоры ұсынған ақпаратқа сай, «Өзбекстанның керамика өнері» номинациясы комиссия мүшелерінің жоғары бағасына ие болған. Бұл - қолөнердің терең тарихын, керамика саласындағы ілімнің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын және жастардың оны сақтауға белсенді қатысқанын айғақтайды. 

«Керамика - Өзбекстандағы ең көне және ерекше халық өнерінің бірі саналады. Керамиканың Риштан, Бұхара, Гурумсарай, Ташкент, Хорезм, Самарқанд және Қашқадария сияқты қыш мектептері негізгі орталықтар болып қалыптасқан. Олар бір-бірінен бұйымдарды жасау тәсілімен, өрнектерімен, түстерімен және пішіндерімен ерекшеленеді», - деп мәлім етті аталған қор. 

ЮНЕСКО
Фото: unesco.org

Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия және Иранмен бірлесіп енгізілген тағы екі номинация - «Иллюминация өнері: Наккошлик» және «Ифтар және оның әлеуметтік-мәдени дәстүрлері». 

ЮНЕСКО
Фото: unesco.org

«Жаңа номинациялардың арқасында ЮНЕСКО-ның қорғауындағы материалдық емес мұралар қатарына Өзбекстан ұсынған элементтер саны 15-ке жетті. Бұл олардың өркениет үшін маңыздылығын көрсетіп тұр. Ол өз кезегінде халықаралық деңгейде бай мәдени мұраны ілгерілету мен қорғаудағы маңызды қадам», - делінген қордан ұсынылған хабарламада. 

Еске сала кетейік, ЮНЕСКО Бас конференциясының 2025 жылғы сессиясы Самарқандта өтеді.

Соңғы жаңалықтар