ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ: Біз өз «отауымыздың» іргесін кеңейтуіміз керек-ақ

Бүгiнгі қалыптасып отырған жағдай қайта қайталанбауы тиіс. Мәдениет және ақпарат министрлiгі Орталық коммуникациялар қызметiмен және iшкi саясат бөлiмімен бiрлесе отырып, бөлiніп жатқан қаражаттың тиiмдi қолданылуына сараптама жүргiзiп, мемлекеттiк БАҚ-тың жыл сайынғы шығындарын оңтайландырып, отандық ақпараттық өнімдерді қолдауды күшейту қажет» деген болатын. Мемлекеттік хатшының бұл тапсырмасы жайдан жай айтылған сөз емес. Өйткені елімізде шетелдік медиа-нарықтың дәурені шынымен де жүріп-ақ тұр. Бұл ел болашағы, енді қалыптасып келе жатқан ұлттық идиялогия үшін назар аудармаса болмайтын жағдай.
Идеология - мемлекеттің бірлігін сақтаушы күш. Идеологиясы мықты елдің ертеңі мығым, бұлыңғыр болмайды. Ал, онысы ала-құла болған жұрттың бірлігі қашпай қоймайды. Бірліктен аза елдің тірлігі ешуақытта оңбайды деп айтсақ, бұл ұйқас қуалаған тақпақ емес, әмбеге аян ақиқат. Осы біз айтып отырған идеологияны тарататын ең үлкен қару - баспасөз құралдары. Соның ішіндегі қамтитын көлемі аса үлкені - телевизия. Қазір заманның жылдам дамуына орай, қалтасы көтерген қарапайым халық қажетті техникасын сатып алады да, әлемдегі кез келген елдің хабар-ошарын біліп, киносын көре алады.
Заманға қарай келіп жеткен бұндай электронды жаңалықтарда ресейлік БАҚ-тың дәурені жүріп тұр. Олай деуімізге еліміздің ауылы болсын, қаласы болсын қолы жеткендер спутниктік тарелкалармен ресейдің киноларымен, ұзын сонар телехикаларын көріп жырғап жүргендерді көзіміз көріп жүруі себеп болып отыр. Санасы солай қарай уланған кей қыз-жігіттер 14 ақпанды әлі күнге атаусыз қалдырмай өткізеді. Ал, 23 ақпанда «мерекеңмен» деп өзіме де құттықтаулар айтып қалғандарға куә болдым. Енді мәселені әртүрлі мысалдармен, дәлелдермен қаузап көрейік.
Бұл өзі ойдан құрастырылған әңгіме емес, тап-таза шындық. Жақында ғана жолым түсіп, Қытай еліне барып қайттым. Әрине, журналист болған соң, жүрген-тұрған жеріңдегі әр іске бейжай қарай алмайсың.
Әңгіме былай; ол жақта тұратын қандас ағайындар басқа елде түтінін түтетіп отырса да, бір құлағын қашанда қазақ елі жаққа түре жүреді. Осыдан он-он бес жыл бұрын сол жақтағы кәсіпкер азаматтар ел сұранысына орай, Қазақстанда шыққан сан түрлі дыбыс-бейне басылымдарын сатып таратты. Егер бүгін Алматыда бір жақсы концерт өтсе апта асырмай оның бейне басылымын сол жақтағы дүкендерде сатылуға шығаратын. Осылай жалғасып келген үрдіс, кейінгі жылдарға келгенде спутниктік тарелкалар арқылы Қазақстанмен тікелей байланысқа шығуға ұласқан болатын.
Қазақстанда жасалған «OTAU TV» спутниктік тарелкасы (қазаны) арқылы ата жұрттың бүкіл тыныс-тіршілігімен таныса бастаған еді. Аудан, ауылдарда соңғы уақытта аталған тәрелканың саны ондап, жиырмалап көбейе бастауы Қытай үкіметінің назарына ілігіп, соған байланысты қоғам қауіпсіздік органдары арнайы аралап, «мемлекет заңы солай» деген уәжбен шетелдік тарелкаларды жинап әкетті.
Содан кейін аз санды ұлттар көп қоныстанған ауылдарға қытайдың жүзге жуық арнасын көрсететін спутниктік қазандарын тегін үлестіріп беріп жатқанын өз көзіммен көрдім. Негізі тарелке бағасы осы жақтағы тарелкалармен деңгейлес тұратын болса да, ауылдағы қазақтың әр үйіне бірден таратып берді. Біз Отандық өнім деп санайтын «OTAU TV» спутниктік тарелкасы ол жақтада Қазақстанның 37 телеарнасын көрсетіп тұр. Жақында ғана «OTAU TV» спутниктік тарелкасының базардағы бағасын сұрастырсақ, 23000 теңге тұрады екен. Осындай Қазақстанның 37 арнасын ол жақта көріп отырған қандастарымыз бірер жылда елді танып, қазақ елінің таным түсінігін қабылдап үлгереді деген сөз. Егер, кейін Қазақстанға келсе еш жатсынбайтындай дәрежеге жететін болады.
Бұдан екі нәрсені білуге болады: қасқырдың баласы тауға қарап ұлиды дегендей, қазақ баласы қайда болса да өз Отанына қарай елеңдейтінін, екіншісі бізден басқа мемлекеттер өз еліндегі азаматтардың санасын шетелдің идеологиясымен улаудың алдын алып, етек-жеңін қымтап ұстайтынын және соны әрқашан қадағалап отыратындығын аңғартады.
Осыған орай, бізде яғни, Қазақстан азаматтары қандай арналарды көреді екен деген оймен, әр өңірдің тұрғындарынан арнайы «сіз қандай телеарнаны көресіз?» деген сауалнама жүргізген едім. Сол сауалнамалардың бірнешеуін сіздермен бөлісуді жөн санап отырмын.
Айзада Қаражігітова, Алматы облысы, Талдықорған қаласының тұрғыны
- Мен Талдықорған қаласында тұрамын. Үйімізде «SVEC» деп аталатын спутниктік тарелканы пайдаланамыз. Оның көрсететіні негізінен ресейдің арналары. Қазақстандық «Балапан» және «Мәдениет» деп аталатын екі арна бар болу керек. Кенже баламыз Қайтпас «Балапан» арнасын қарайды, күйеуім ресейдің «Звезда» деген телеарнасын үнемі көреді. Ал мен ресейдің аударған киноларын көремін. Олардікі біздің арналармен салыстырмалап айтқанда сапалырақ қой.
Ербол Маратов, Астана қаласының тұрғыны
- «SVEC» деген спутниктік тарелканы пайдаланамын. Оның кемшілігі отандық емес, ресейдің арналарын ғана көрсетеді. Дегенмен кинолары тамаша ғой. Әр нәрсенің жақсысы, сапалысы керек емес пе, сондықтан ресейдің жақсы телеөнімдерін көру бала күнімнен ғадетке айналған.
- Қазақстанның «OTAU TV» деген сияқты еліміздің арналарын толық көрсететін, спутниктік тарелкасын неге алмадыңыз?
- Мен оны жақында бағасын базардан көргем, қымбатырақ екен. Алатын шығармын кейін. Ал, «SVEC» деген спутниктік тарелка базарда арзан, 13000 теңге тұрады. «OTAU TV» ден 10000 теңгедей арзан екен. Біз адамдар алдымен арзанына жүгіреміз емес пе.
Әлімбек Сейтақанұлы, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының тұрғыны
- Мен оралманмын. Әдетегідей қарапайым антеннаны пайдаланамыз. Қазақстан, Ел арна, Хабар, КТК, Астана, 31 арнаны көрем. Біз орысша білмейміз. Әйтпесе, шетелдің телеарналары жақсы деп жүр ғой елдер. Бізге керегі өз еліміздің жағдайы емес пе? Мен елдегі жаңалықтарды ғана көремін, маған керегі сол. Ал, «OTAU TV» секілді жарнамалап жатқан аспаптарды алмадық, мүмкін кейін алатын шығармын.
Әсия Бағдәулетқызы, Астана қаласы, журналист
- Мен көбінесе ресейдің арналарын көремін, елдегі жағдайды білеміз емес пе? Мен негізі деректі фильмдерді, және орысшаға аударылған өте құнды көркем киноларды көремін. Ал ондай жобалар біздің елде қазірше жоқ қой. Мен ауылдағысы болсын, қаладағысы болсын ағайындардың әлі күнге дейін шет елдің телеөнімдерінен бас аудара алмай келе жатқанын білемін. Енді үш тілде оқыту керек деп жатыр ғой үкімет, үш тілді білген, бізден кейінгі жастарды елдің БАҚ-тары қызықтырмай қалатын шығар, ойлаудан да қорқасың...
Есті жұрт ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Газета - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзін білуге тиіс. Ахаңның ол уақытта газета деп отырғаны бүгінгі БАҚ. Яғни телеарна, радио, баспасөз құралдары. Сонда ендігі уақытта біздің елдің құлағы кімді тыңдап, көзі кімді көріп отығанын жоғарыда жеткізіп айтқандай болдық. Бастысы адам қашанда көргенін істейді, естігенін айтады дейік, хош. Қазақстан олар сияқты алып держава болмағандықтан телебағдарламалымен, киноларымен бәсекелесе алмасымыз хақ, енді қайпек керек?! Қазақта «мойынын созбаған түйеге жантақ жоқ» дейтін мақал бар, батыстың санамызды улайтын идеологиялық ағынын тоқтата алмаймыз деп жүре бермей, бізге де талпыныс керек. Ең бастысы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тапсырмасындағыдай, телеөнімдеріміздің сапасын арттыруға құлшыныс жасауымыз тиіс. Ал, біздің пайымызша, Қазақстанда жасалған, ел арналарын толық көрсететін «OTAU TV» сияқты спутниктік тарелкаларды өзгелердей тегін үлестірмесе де, Мәдениет және ақпарат министрлiгі сынды мемлекеттік органдар бағасын төмендетуге көмектесіп, шет елдің өнімдерін ығыстырып шығармасақ та, ағынын бәсеңдетуге күш салуға тырыссақ құба-құп болар ма еді.
Бейсен СҰЛТАН