ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП: Шәмшіні толқытқан толқындары қайда Арыстың?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайран Арыс. Көктемде тым асау, күтірлетіп сеңдерді қуалап жағаға соққылайтын адуын мінезді, ал жазда күрт өзгеріп майда толқындары құм басқан жағаны сипап жататын момақан Арыс. Суы мөлдір, тіпті кейбір иірімденіп, шымырлап жатқан тұстарында сүңгігенде түбіне жеткізбейтін терең, сазды жарқабағында мөлдіреп бұлақ атқылап жататын қайран Арыс. Күн батар сәтте кешкі қызғылт күн шапағында жарқ етіп көз қарықтыра көтеріліп, жарқабақты жаңғырықтыра гүрс етіп суға қайта құлайтын жеңді білектей сазаны мен алабұғасы шоршып жататын Арыс. Ау тартып, қармақ салғанды олжасыз қайтармайтын Арыс. Тарихын айтсаңшы, тарихын. Мың сан құпияны әлі де бойына бүгіп жатқан болар. Талай жолаушы, сан түрлі тағдырлы талай пенде мөлдірінен қана ішіп, сәмбіл талы мен жыңғылы араласқан көкшалғынға оранған жағасында ат шалдырып демалған да болар.

Бізге белгілісі, ерте кездерде батысында Сырдарияның, шығысында Кіші Қаратау жотасын, оңтүстігінде Арыс өзенінің аңғарын, солтүстігінде Арысқұм, Арыс көлі арқылы Ұлытау, Көкшетау өңірлерінің аралығын ежелгі сақтың Арыс (арыстар, арсақтар) тайпасы мекендегені. Ежелгі заманның білгірлері Арыс тайпасының негізгі бөлігі б.д.д. 2-ші мыңжылдықта Еуропаға қоныс аударғандығын шежіре беттерінде қалдырған. Әйгілі ғұлама Анарыс (Анахарсис) б.д.д. 8 ғасырда өзінің ата жұрты қазақ даласы туралы "Аримаслалар" эпосын жазып қалдырған. Анарыс туралы мағлұматтарды Т.Жұртбаев өзінің 1994 жылы жарық көрген "Дулыға" атты тарихи шығармасында "Арыстар (Арыс тайпасы) туралы деректер көптеп кездеседі" деп жазады. Ә.Байпатша "Қазақ даласының ежелгі тарихы" атты кітабында Арыс тайпасының Сарыарқа, Жезқазғандағы тау-кен ісін меңгергендігі, Абайыл кен орнын тапқаны туралы құнды деректер келтірген. Қорыта айтқанда, қазіргі Арыс өзені, Арыс қаласы, Арыс көлі, т.с.с. атаулар осы тайпаның мекендеген жеріне атын қалдырған жер-сулар. Бізге жеткен ең ежелгі шынайы əділеттілік ілімі Дала заңдары - «Білік», Арыс би дананың өсиеттері. Арыс би үш мыңдай жыл бұрын өмір сүрген. Оның құрметіне оңтүстік өңірдегі Арыс өзенінің атауы берілген.

Тағы бір белгілісі, сонау бір қысылтаяң заманда қос бүйірден қысқан ашкөз көршілерінен сұңғыла саясатының арқасында елін аман алып қалған дипломат, заманының аса көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы Абылай ханның осы өзеннің жағасында қайтыс болғаны. Мүмкін, мұнда тылсым бір байланыс бар шығар. Өйткені Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды тұлға еді. Ол - «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұланжігіт», «Дүние қалды», «Жетімторы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңдыжорық», т.б. күйлер шығарған. Ұлы ханның әрі күйшінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне небәрі қозы көш жердегі Арыстың жағасында бақилық сапарға аттануы да ойлантатындай. Мүмкін тұнығынан сіміре ішіп, соңғы сапарға аттанып кете барды ма (оның сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген).

Қызылдың құмының етегін ала ағып жатқан өзеннің қаталап келген талай жолаушы мейірін қандырып, сәмбіл талы мен жыңғылы араласқан жағасында ат шалдырып демалған да болар.

Жаздың қоңыр кешінде талай арудың табанына майда құмын төсеп, арманына қанаттандырғаны да даусыз. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ағамыздың, ұлы Мұхтар Әуезовтің өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде оның әуендерін Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір "жыл келгендей жаңалық" сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалаған Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің ғажайып саздылығы, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғыры, бала кезінде асыр салып ойнап, суына шомылып өскен сүйікті өзенінен нәр алғандығынан емес пе екен.

Сағына келіп, сезімге толы «Арыс жағасында» әнін жазуы бізді осы ойға жетелейді. Әрине, бұл өткен ғасырдың ортасындағы, шіліңгір шілдеде де суы таусылмайтын Арыс өзенінің сипаты. Ал қазіргі Арыс... Осы жолдарды жазып отырып ұялы телефонмен ауылдағы ағайындарға хабарластым. Әзірге суы арнасынан аспаса да жағаны қауып жатқан жайы бар екен. Қайдам, қашанға созыларын. Өйткені жазға жетпей бұл өзен арыққа айналады. Тіпті кей жерлерінен қарғып та өтуге болады, ал тереңдігі тобықтан асар аспас. Ал шылжырай ағып жатқан суы ішпек түгілі шомылуға да қауіпті. Балдыр басқан, батпақтың исі шығады, түсі де оңған шүберектей сарғайып жатыр. Өзеннің күріш пен мақта егіндісінде жиі қолданылатын пестицидтермен ластанғалы ондаған жылдардың жүзі болды. Одан қала берді Арысқа тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтар мен өнеркәсіп орындарының қалдық суларының құйылып жатқандығын қайда қоясыз. Жылай аққан аз судан мотор арқылы егістігін, бау-бақшасын суарып жатқандар да баршылық. Кезінде мақта өсіруден одақтық рекорд жасаған қайран Отырардың берекесін кіргізген Арыстың жағдайы бүгінгі таңда осындай, ағайын. Айтарға тілі жоқ қайран Арыстың мұңын жазға салым, жылай аққан кезінде жағасына барған жанның ұғары анық. Шіркін, билік тұтқасындағылардың ары-бері өткенде бірауық қайран Арысқа көз салып, тағдырына ортақтасар күні болар ма екен.

Анықтама: Арыс өзені Ақсу-Жабағылы қорығына жақын Шақпақ бұлағынан (Қаратау мен Талас Алатауының аралығында) бастау алып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Талапты ауылы маңында Сырдария өзеніне құяды.Салалары - Ақсу, Бадам, Қабылсай, Жабағылы, Боралдай.

Негізінен көктемгі еріген қар және жаңбыр суымен толығады.

Ерлан Қожакелдиев

Соңғы жаңалықтар