18:27, 17 Наурыз 2009 | GMT +5
Өзге ұлтты былай қойып, өз қазағымызды қашан қазақша сөйлетеміз? ? О.Асанғазықызы
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Тәуелсіздігіміздің тұғыры болсын, ұлттық бірлігіміз тілдік тұтастыққа негізделсін деп, қазақ тіліне берілген мемлекеттік мәртебе де, екі қайтара қабылданған «Тіл туралы» Заң да мемлекеттік тіл мәселесін түпкілікті шеше алған жоқ. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бергі 17 жылда айтылған сөз, атқарылған іс, бөлінген қаржы да аз емес.

Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Оразкүл Асанғазықызы осы бағытта тапжылмай еңбек етіп келе жатқан тіл жанашырларының бірі.
- Оразкүл Асанғазықызы, осы келелі мәселенің түйінін тарқататын, басқаларға үлгі болатын еліміздің бас шаһары ? Астана қаласы емес пе?! Елордалықтардың қанша пайызы бүгінде қазақ тілінде таза сөйлейді? Осындай зерттеулер жүргізіп көрдіңіздер ме?
- Бүгінде қазақ тілін, өз ана тілін мемлекеттік мекемелерде істейтін қызметкерлердің 90 пайызы біледі деп, нық сеніммен айтуға болады. Бірақ олар сөйлемейді. Бұл үдеріс сол мекемелерде өткізілген мемлекеттік тілді үйрету сабақтары барысында, жиналыстар барысында анықталды. Олардың тізімі де жасақталды. Мысалға, Астана қаласы әкімшілігіне қарасты 3 әкімдік пен 23 басқарманың жетеуі толық іс-құжаттарын қазақша жүргізеді. Жалпы әкімдіктің 85 пайызы қазақша сөйлей алса, жаза алатыны ? 70 пайыз. Қазақтардың санын есептеудің төте жолы - балабақша мен мектеп. Орыс мектебі деп айтылған аты ғана болмаса, орыс сыныптарында 70-80 пайыз қазақтың баласы отыр. Жалпы қазақ халқының 85 пайызы өз ана тілінде сөйлей алады. Менің ойымша, мемлекеттік тілге қажеттілік туса, олар сөйлеуге дайын тұр. Олардың зердесінде «орысша сөйлеген адам ақылды, мәдениетті болып көрінеді» деген жартыкеш ұғым қалыптасып қалған. Осындайда М. Әуезовтің «Өзінің ана тілін білмеген адамды толыққанды интеллигент деп есептеуге болмайды» дегені еске түседі.
- Сонда олардың қазақ тілінде сөйлеуіне не кедергі? - Оларда рух жетіспейді, ал бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жетіспейді. Мысалға, теледидардан Әбіш, Ақселеу ағаларымызды, Фариза сынды апайларымызды, Хангелді, Диқанды неге жиі-жиі сөйлетпейміз. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Астанада қазақ тілін насихаттайтын ақын да, жазушы мен ғалым да жетіп артылады. Сіз маған қазақи рухта тәрбиеленген отбасыларды, не болмаса қазақ тілін насихаттап жатқан бір хабарды айтып беріңізші. Олар жоқ. Ал шын мәнінде барлық тәрбие отбасынан басталады. Бұл үшін Үкіметтің арнайы бағдарламасы болу керек деп есептеймін. Қазір бізде жалғыз «Қазақ радиосы» бар. Оның есесіне «сен тұр, мен атайын» деген орыстілді 50-60 радио бар. Сондай-ақ орыстілді газеттер де көп. Ал солардың ішінен қазақ тілін насихаттаған бір газетті тауып беріңізші. Осы жерде де тепе-теңдік болу керек.Біз өткен жылы «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты конференция өткіздік. Соған 11 елден 30 нарқасқа қазақ келді. Олардың ішінде туысымен Қазақстанды көрмегендері бар. Мысалы, Ұлыбританияның озық жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқитын, ағылшын тілін кез-келген ағылшыннан артық білетін ғалым қазақ тілінде де сөйлейді. Оның үстіне домбыра тартып, өлең айтады, тіпті ұялы телефонына дәстүрлі музыканы жазып алып, қара жорғаның әуеніне билейді. Сол сияқты Германияның, Түркияның жоғары оқу орындарының оқытушылары, сол елдердің ғалымдары атанған қазақтар келді. Олар жат елде, өзге ұлттың арасында жүріп ана тілін ұмытпаған, ал біз 20-30 өзге ұлт өкілдерінің арасында адасып жүрміз. Сондай-ақ Қытайдың Бейжің қаласында туып-өскен Жанар Сағатқызы бес тілді біледі. Ең кереметі − қазақ тілін өте жақсы біледі. Конференциядан бір күн бұрын Жанар мен Ержан Мақпышты Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне алып бардым. Студенттердің алдында сөйлеген ол: «Біз қаптаған қалың қытайлықтардың арасында өстік. Біз қытайша кез-келген қытайлықтан артық білеміз. Біліміміз де жоғары. Бірақ біз қазақ тілін ұмытқанымыз жоқ. Өйткені үйге кіріп келгенде әкеміз шаңырақты көрсететін. Ондағысы - мынау қазақтың қасиетті шаңырағы, анау киелі табалдырықты аттағаннан кейін қазақша сөйлес дегені. Біз не әкемізді, не шешемізді түсінбейтінбіз. Бізге олармен қытайша сөйлескен мың есе жеңіл еді. Өйткені есіктің алдында қытай балаларымен ойнап келдік, баратын балабақшамыз да, мектебіміз де қытайша. Неге біз үйде қазақша сөйлеуіміз керек деп ойлайтынбыз. Соны бүгін ғана түсініп отырмыз. Сіздер бізді бүгін қазақ деп шақырып отырсыздар, ал біз сіздермен тілмаш арқылы сөйлесіп отырсақ, не масқара болар еді», - деп ағынан жарылды. Дүниежүзінде алты жарым мың тіл болатын болса, лингвистердің дәлелдеуі бойынша қазақ тілі - үйренуге оңай, қарапайым тіл. Оның қатарында қырғыз, испан, итальян тілдері де бар. Несімен қарапайым? Біріншіден, қазақ тілі грамматикасында «предлог» деген жоқ. Екіншіден, сөздері жатталуға оңай. Мысалға, орыс тілінде автобуспен келе жатса, «едет» болады, жүріп келе жатса, «идет» болады. Ал қазақшада көлікпен келе жатса да, жаяу келе жатса да ? «келе жатыр» болады. Үшіншіден, қазақ тілінде «мужской, женский, средний род» дегендер жоқ. Ахмет Байтұрсынов «қазақ тілінің оңайлығынан айналдым. Қол деп айтамын, қол деп жазамын. Аяқ деп айтамын, аяқ деп жазамын. Орыс «карова» деп айтады, «корова» деп жазады. Екпіні қиын. «Сабака» деп айтасың, «собака» деп жазасың» деген екен.
Алдына мақсат қойған адам күніне кем дегенде 10 сөз жаттаса, бір айда 300 сөз жаттайды екен. 300 сөз сіз бен бізге емін-еркін сөйлесуге жетіп жатыр. Қазақстан мемлекеттік тілді жыр етіп келе жатқанына 20 жыл болды. Сол уақыттан бері күніге 1 сөзден жаттаған адамның сөздік қорында 12 мыңнан астам сөз болушы еді. Қазір қазақ тілін білмеймін деп отырғандар, шын мәнісінде күніне бір сағатын да бөлмегендер. Ниет, ықылас, пейіл жоқ. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Сол бапқа сәйкес, орыс тілімен қатар келе жатқан қазақ тілі қайда? Мұхтар Шахановтың жолдаған сауалына Конституциялық Кеңес: «они не равны, наравне» деп айқындап, жауап берген болатын. Яғни, қазақ тілінде сөйлеу, жазу, мәжілістер өткізу керек. Сонымен бірге қазақша түсінбейтін өзге ұлт өкілдеріне орысша сөйлеуге, пікірін жеткізуге рұқсат берілген. Ал бізде қалай? Солар бізді түсінбейді-ау деп орысша шүлдірлейміз келіп. «Наравне» деген тіл бар, бірақ сол теңесуі тиіс тіл ? қазақ тілі мүлдем жоқ.
Бүгінде тіл жанашырларының атқарып жатқаны былайша айтқанда «бейшара» тірлік. «Тегін оқышы менің тілімді» деп, әр мекемеге жалынғандай боламыз. Әңгіменің тоқетерін айтқанда, қазақ тілі қазіргі қоғамда ешкімге керек емес сияқты көрінеді. Керек емес дүниені кім қажетсінеді?! Ол экономикалық, әлеуметтік дәрежеде қажет етілсе, қалталарынан ақша шығарып оқушы еді. Қазір ағылшын тілін білген озады деп, біздің тегін оқытып жатқан сабақтарымызға келмей, кешке ақылы ағылшын курстарына баратындары бар. Өткен жылы жол полициясы жүргізушілерге қауіпсіздік белбеуін бір күнде таққызып шықты. Тақпағандарға айыппұл салды. Әкімшілік кодексте тілге де қатысты бап енгізіп берсе, көшелердегі орысша, болмаса қазақ тілінде сауатсыз жазылған жарнамалар мен маңдайшалар бір күнде жөнге келер еді.
Жер шарында 200-ден астам мемлекет бар. Соның ішінде мемлекеттік тіл деп жариялаған тілде сөйлемейтін елді табыңыздаршы. Мысалға, Германияда неміс тілін білмесең, азаматтық бермейді, жұмысқа алмайды. Қандай да бір мемлекетке қоныс аударған қазағымыз міндетті түрде сол мемлекеттің тілін біледі. Өзбекстанның Президенті И.Кәрімов өзбекше сөйлей алатын, бірақ жаза алмайтын қазақтарға «жазуды алты ай уақыт ішінде үйренбесеңдер, мемлекеттік мекемеден кетесіңдер», деді. Бәрі үйреніп алды. Біз 20 жыл бердік. Егер «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданбаса, тағы 20 жыл берейік, жағдай өзгермейді. Қазақ тілін үйрену бір-ақ нәрсеге байланып тұр. «Халыққа қызмет көрсететін сала қызметкері мемлекеттік тілді білмесе, жұмысқа орналаса алмайды, мемлекеттік қызметкер бола алмайды» деген бір ғана бап енгізілсе, жетіп жатыр. «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы керек деп, Ата заңымызда да жазылып қойған емес пе?!
- Қазақ тілінің беделін арттыру үшін БАҚ-та насихат жетіспейді, қазақ тілді басылымдар жетіспейді дегенді айттыңыз. Бірақ ғаламтордағы қазақ тілді сайттар сияқты қазақша басылымдар да оқырмандардың жоқтығынан өзін-өзі ақтамай, ақыры жұмысын тоқтатып жатады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетемін деп тырысып жатқан БАҚ-тарға көрсетіліп жатқан қолдау қандай? - Әрине, қазақ тілді басылымдарға өкпем жоқ. Олар да біз сияқты қолдан келгенді істеп жатыр ғой. Өкініштісі, оларға Үкімет дотация бермейді. Бізде отбасына қатысты қазақтілді журналдар бар. Халықтың соларға жазылып алу деңгейін арттыру үшін оның бағасын арзандату керек. Мысалға кез-келген кітап сататын дүкенге барайық, сөрелердегі кітаптардың 97 пайызы орыс тілінде. Қазақ тілді басылымдарға қарағанда бағасы үш есе арзан. Ол неге? Ресей Қазақстанның шекарасына 24 полиграфиялық орын орнатып қойған. Оларды қаржыландырып отырған Ресей Үкіметі және «Руский мир» қоры. Мысалға, кітаптың өзіндік құны 1 мың теңге тұрса, соның 700 теңгесін Үкімет, не «Руский мир» төлеп береді де, бізге ол 300 теңгеден келеді. Оның үстіне Ресей сол кітаптарды кітап дүкендеріне өздері жеткізіп береді. КСРО кезінде «полиграфия-дүкен» деген құрылым болатын. Кітап, журналдар өндірушіден алынып, тіпті шалғайдағы ауылдардың дүкендеріне дейін таратылатын. Ресейде бұл құрылым сақталып қалды. Бізде ол жоқ. Қазір ата-анаға балаңа қазақша үйретпейсің, қазақша ертегі оқымайсың деп кінә таға алмайсын. Өйткені ондай басылымдар жоқ. Шығарып жатқандардың санын арттыруға қаражаты жетпейді. Сондықтан олар санаулы ғана болып дүкендерге түседі, бағасы да қымбат болады.
- Орталық мемлекеттік және жергілікті органдардың біразы іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіргенімен, ол көп жағдайда сөз жүзінде ғана. Жүздеген қызметкері бар министрлік немесе басқа меморгандар құжаттарын орыс тілінде әзірлейді, оны кейін құзырлы органдарға есеп беру үшін қазақ тілді бір аудармашы аударып отырады. Бұдан кейін қазақ тілінің қолдану аясы кеңейді деп ауыз толтырып айта аламыз ба? - Әрине, мен бүтін министрліктердегі жағдайды айта алмаймын. Ал Астана қаласы әкімдігінде іс жүргізу негізінен қазақ тіліне көшкен. Аудармашыларымыз тек корректордың қызметін атқарып отыр. Президенттің 2001 жылы № 550-ші Жарлығы шықты. Онда 2006 жылдан бастап, Жарлықта көрсетілген облыстар, мемлекеттік мекемелер, жергілікті атқарушы органдар мен тағы басқалар кезең-кезеңімен іс жүргізуді қазақ тіліне көшірді. Сол Жарлықты есіне алып, құжаттарды орыс тілден аударып отырғанына да шүкіршілік етуіміз керек шығар. Өйткені оны елемей отырған министрліктер,агенттіктер, басқа да мекемелер бар ғой. Министрліктерде аудармашыға жүгінбей-ақ құжаттарды қазақ тілінде жаза алатын 70 пайыз қазақ бар. Зерттеу жүргізіп көрсеңіз, оның басым бөлігі қазақ тілінде мектеп, университет бітіргендер. Олар қазақша сөздікті ақтарып отыруға ерінеді-дағы, үйреншікті орысша шаблонды қолданады. Осы уақытқа дейін қазақша не сөйлеуді, не жазуды үйрене алмай отырғандарды өз Отанының патриоты деуге бола ма? Менің ойымша, оларда «тәуелсіздігімізді алдық, тәуелсіздігіміздің белгісі ? тіл, Алаш қайраткерлері осы үшін де атылып кетті-ау» дейтіндей намыс жоқ. Екіншіден, оларға қазақша жаз деп айтатын адам болмай отыр. Заңда «мекемеге қазақ тілінің енуіне сол мекеменің бірінші басшысы жауапты» деп көрсетілген. Осыған қатысты бір жиналыс өткізбеген мекеме басшылары да бар. Диқан Қамзабекұлы жоғарыда айтып өткен конференцияда сөйлеген сөзінде: «9 миллион қазақтың 2 пайызы ғана қазақ тілін білмейді. Сол 2 пайыздың 80 пайызы билік басында отыр», - деген болатын. Бұл шындық. Мысал үшін айтып өтейін, қалада министрлікке тікелей бағынатын бір басқарма бар. Онда қызмет жасайтын 110 адамның 96-сы қазақ мектебін бітірген екен. Барлығы қазақша сөйлей де, жаза да алады. Қасқырға қой бақтырып қойған сияқты, оларда бес бастық бар. Бірінші басшылары бір ауыз қазақша білмейтін, «үлкен көкенің» баласы, бірақ ұлты қазақ. Сонда өзге ұлтты қалған төрт бастық үшін 96 қазақ құжаттарды орысша дайындап отыр. Қысқасы, кілт тұрған жерде ұлтжанды адамдарымыз отырған жоқ. Мен барлық банктер мен құрылымдық жекеменшік мекемелерде, оның ішінде нотариустерде болып, жиналыстар өткіземін. Бастықтардың намыстарын оятып, қазақ тілінде іс жүргізетін бір қазақ қызды жұмысқа алдыртамын. Бір айдан кейін ол қызым не қысқарады, не басқа да себептермен жұмыстан босатылады. Бұл заңның солқылдақтығынан, қадағалаудың әлсіздігінен болып отырған үдеріс. Сондықтан, тағы айтамын, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданбайынша, қазақ тілі тиісті мәртебесіне ие болмайды, өзге ұлтты былай қойғанда, өзіміздің қазағымыз қазақша сөйлемейді. - Әңгімеңізге рахмет.