Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың еңбек өнімділігі жалдамалы жұмысшыларға қарағанда 6 есе төмен -Г. Әбдіқалықова

Бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тұрғылықты жері бойынша жіктесек, олардың басым бөлігі еліміздің Оңтүстік өңірінде және ауылдық жерлерде орналасқан. Атап айтсақ, бүгінгі күні ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 71,2 пайызды құраса, қаладағы осындай санаттағылардың көрсеткіші 28,8 пайыз. Жалпы халықтың 33 пайызын құрайтын осы санаттағылар республикамыздың жалпы қосылған құнының шамамен 10 пайызын ғана өндіреді. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың еңбек өнімділігі жалдамалы жұмысшыларға қарағанда 6 есеге төмен»,-деді министрі Г. Әбдіқалықова.
Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды білім деңгейі бойынша жіктесек, онда қаладағы бұл санатқа жататындардың 27 пайызы жоғары білімді, 32 пайызы орта арнаулы, ал 41 пайызы орташа білімді болып табылады. Сонымен бірге ауылдағы өзін жұмыспен қамтығандардың 8,5 пайызында жоғары білімі болса, 15 пайызы орташа арнаулы және 76 пайыздан астамы орта білімді болып отыр.