Өзіңе деген шамадан тыс сенімділік қателікке әкеліп соғуы мүмкін – балалар хирургі

Дастан Рүстемов
Фото: UMC Ана мен бала орталығы

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін – Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Күні-түні, қысы-жазы адам өмірінің арашасы атанып, халықтың ақ батасын алып жүрген ақ халатты жандардың еңбегі орасан.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – елімізге танымал балалар хирургі. Мереке қарсаңында UMC Ана мен бала орталығы Балалар хирургиясы департаментінің директоры Дастан Рүстемовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Дастан Зейноллаұлы, мемлекеттің басты байлықтарының бірі - ана мен бала денсаулығы екені анық. Бұл ретте, соңғы жылдары елімізде балалар ауруының қандай түрі белең алып жатыр ?

– Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілігі. Дүниежүзінің өркениетті елдерінің барлығында дерлік халық денсаулығы, әсіресе ана мен бала денсаулығы басты ұлттық құндылық және мемлекеттік саясаттың басым бағдары болып табылады. Балалар арасында қазіргі уақытта еліміз бойынша қандай аурулар белең алып тұрғаны жөнінде нақты ақпаратты айта алмаймын. Балалар хирургиясында, оның ішінде өз орталығымызда соңғы жылдары балалар арасындағы онкологиялық аурулар, түрлі қатерлі және қатерсіз түзілістердің кездесуі жылдан-жылға жиілеп келеді. Сондай-ақ, түрлі даму ақауларымен дүние есігін ашатын нәрестелеріміздің саны да артып отыр.

дәрігер
Фото: UMC Ана мен бала орталығы

– Аурулардың пайда болуының себебі не, онымен күресудің жолы қандай ?

– Бұл жерде сұрақтың ауқымы өте үлкен деп айтуға болады. Жалпы, аурулардың үлкен 2 тобы бар: туа пайда болған ақаулар және жүре пайда болған аурулар. Туа пайда болған ақаулар құрсақішілік даму кезеңінде қандай да бір кері әсер беруші факторлар себебінен пайда болса, жүре пайда болған аурулар, өзі аты айтып тұрғандай бала өмірге келген соң әсер етуші фактордың балаға тікелей әсерінен дамиды.

Аталған аурулар тобы тек хирургияға ғана емес, медицинаның барлық саласына қатысты. Мысалы, балалар хирургиясында жиі кездесетін «жедел іш синдромы» ауруын алатын болсақ, ондаған себептері болуы мүмкін. Сондықтан, әр нозология бойынша себептерін айтып отыратын болсақ, уақыт жетпейді.

Қазіргі уақыт заманауи техниканың, құрылғылардың қарыштап дамыған уақыты. Ересектерден бөлек, балалардың әрқайсысында 2-3 телефон, планшет, ноутбуктан бар. Заман талабы десек те кейінгі ұрпақты ақырын құртып жатқан жайы бар. Жалпылама айтқанда, гаджет мылтықсыз майданға айналды. Бұрын қарудан қорықсақ, қазір гаджеттен қорқатын болдық. Ми балаларда дене бөлігінің 2% -н құрайтын болса, энергияның 20%-ын жұмсайды. Өкінішке қарай, гаджетті балалар көп қолданғаннан ойлауға жауапты мидың бөлігі жұмысын төмендетеді. Ми энергия алып қоректенбеген соң нейрондар өледі, өшеді. Содан балалар мылтықсыз майданның құрбанына айналып, өз дамуынан кеш қалады. Бүгінде сөйлеуінде, ойлауында, түсінігінде кешігуі бар балалар ата-аналары дамыту, түзету орталықтарының есігін тоздыруда. Одан бөлек, гаджеттер бала психологиясына әсер етіп, тәуелділікті туындатады. Мұның барлығының ақыры үлкен психиатриялық өзгерістерге алып келеді. Аталған тенденция жалғаса берер болса, бірнеше жылдан кейін не болатына жауап беру өте қиын.

медицина
Фото: UMC Ана мен бала орталығы

– Осы уақытқа дейін қандай күрделі оталарды жасадыңыз, қателікке бой алдырамын деген үрей болмай ма ?

– Өте қиын сұрақ. Балалар хирургиясы саласында 13-14 жылға жуық қызмет атқарып келемін. Шыны керек, осы уақытқа дейін қанша ота жасағанымды санамаған екенмін, санын нақты айта алмаймын. Әр ота өзінше күрделі. Бала денсаулығына қатысты сұрақ тұрған уақытта, мына отаның түрі жеңіл, мына ота ауыр деп бөліп қарауға болмайды. Себебі, әр бала ағзасы өзінше ерекше. Медицинаның негізі – анатомия деп қарайтын болсақ, анатомияда ағзалардың вариантты орналасуы деген түсінік бар. Оңай деп қараған отаңызда вариантты анатомия кезіксе, қиын отаға айналады.

Бүгінде түрлі ақаулармен дүниеге келген нәрестелерге орталығымызда қол жетімді, заманауи, сапалы медициналық көмек орталығымыздың жетекші дәрігерлері әлемдік деңгейде жасалатын отаның көптеген түрін жасайды деп айтуға болады. Соңғы жылдары орталығымыздың мамандары туа пайда болған өт шығару жолдарының ақаулары мен жүре пайда болған емдеуге келмейтін бауыр аурулары кезінде жасалатын балалардағы бауыр трансплантациясы отасын сәтті жасап жүргенін атап өткен жөн.

Қаншалықты тәжірибеңіз мол болғанымен, әрбір отаның алдында белгілі үрейдің болары сөзсіз және оның болуы да заңдылық. Жоғарыда атап өткенімдей, бала денсаулығына қатысты сұрақ тұрған уақытта – жауапкершілік үлкен! Өзіңізге деген шамадан тыс сенімділік кейде қателекке әкеліп соғуы мүмкін...

– Нәрестелердің туа біткен аурулармен дүниеге келуі немен байланысты, оларды емдеу қаншалықты қиын ?

– Нәрестелердің туа біткен ақаулармен дүниеге келуінің нақты себебін атап көрсету өте қиын. Медицина тілімен айтқанда полиэтиологиялы деп айтуымызға болады. Егер құрсақта жатқан ұрықтың даму кезеңін 3 кезеңге бөліп қарайтын болсақ, соның алғашқы кезеңі ана үшін де, құрсақтағы нәресте үшін де өте жауапты уақыт болып саналады. Себебі осы уақытта нәресте ағзаларының қалыптасуы жүзеге асады. Осы кезеңде анасы қандай да бір аурулармен ауыратын болса, қандай да бір дәрілік заттарды қабылдайтын болса немесе күйзеліске түсетін болса нәрестеде даму ақауларының пайда болуына алып келеді. Осы ретте, жыныс жолдары арқылы берілетін және анасындағы құрсақішілік инфекцияларды (TORCH-инфекциясы) бөлек атап өту керек. Жүктілікті жоспарлау барысында анасында осындай инфекциялар анықталған жағдайда толық ем қабылдаған соң ғана жүктілікті жоспарлағаны жөн.

Біздің орталықта бүгінде «Нәрестелер хирургиясы» бөлімшесі жұмыс істейді. Аталған бөлімде түрлі даму ақауларымен дүниеге келген нәрестелерге өмірінің алғашқы күндерінде жоғары деңгейде көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта «нәрестелер хирургиясы» бөлімінде тыныс алу жүйесі, ас қорыту жүйесі, несеп шығару жүйесі және биылғы жылдан бастап жүрек ақауларымен дүниеге келген балаларға жылына 400-ден астам жоспарлы және шұғыл оталар жасалады. Отадан соң нәрестелер бөлімшедегі ашық қарқынды терапия бөлімінде емдерін жалғастырады. Неге ашық деген сұрақ туындауы мүмкін? Ерекшелігі сол отадан соң анасы нәрестенің ем алу барысын қадағалап, қасында еркін бола алады.

– Елімізде балалардың ауруын емдеуге қажетті қондырғылар жеткілікті ме ?

– Елімізде балаларды емдеуде қондырғылар барлық өңірдегі ауруханаларда жеткілікті деп айта алмаймын, себебі ондай нақты ақпарат менде жоқ. Кей жағдайларда іс-сапарымен өзге өңірлердегі ауруханаларға барып тұратын сәттер болады. Сонда кейбір ауруханаларда ота жасауға қажетті құрылғылар болғанымен, заманауи талаптарға сәйкес емес екенін көріп жүрміз. «Ауруын жасырған өледі» дейді халық даналығы. Сондықтан да бала денсаулығына қатысты сұрақ тұрған кезде мәселені бүкпей, ашып айтуымыз қажет.

Бүгінде медицина бір орында тұрған жоқ, күнде бір жаңалық ашылады, заманауи емдеудің әдіс-тәсілдері де күнделікті жаңаруда. Хирургиялық көмек көрсетудің аз инвазивті әдістері - өзекті сұрақ. Ал, біздің орталыққа келетін болсақ, нақты айта аламын, балаларымызға бүгінгі күні заманауи талаптарға сай, аз инвазивті және ашық оталар жасау үшін құрылғыларымыз толық жеткілікті. Десек те, жоғарыда атап көрсетілгендей, медицинадағы жетістіктер, көмек көрсетудің жаңа түрлері, медициналық құрылғылар сағат санап өзгеруде. Соған сәйкес, бүгінгі емдеу әдістері мен құрылғылар ертең өз мәнісін жоғалтып, жаңа әдістер, медициналық жабдықтар келуі ықтимал.

– Қазақстандықтардың көбі күрделі оталарды жасау үшін шетелге барады. Өз елімізде жасауға не кедергі ?

– Отандастырымыз күрделі отаны жасау үшін шетелге көп барады деп айту қиындау. Себебі, әлемдік деңгейде жасалатын күрделі оталардың көпшілігін еліміздің мамандары бүгінгі күнде өздері жасайды. Ол үшін біздің техникалық және кадрлық ресурстарымыз жеткілікті. Мамандарымыздың көпшілігі өзге елдің озық клиникаларында бірнеше мәрте тәжірибелерден өтіп, соңғы әдістерді жетік меңгерген.

Медицинаның кез-келген саласында әлем бойынша өте сирек кездесетін аурулардың тобы бар. Оны біз медицина тілінде орфандық аурулар деп атаймыз. Ол аурулардың тобы сирек кездесетін болғандықтан емдеу дүниежүзінде белгілі бір орталыққа біріктіріледі. Балалар хирургиясында осындай жағдаймен бетпе-бет келгенде балаларға арнайы мамандандырылған көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігі қолдауымен қаржылай қолдау тауып, арнайы орталықтарға ем қабылдауға жіберіледі.

Кей жағдайларда ата-аналар ем іздеп шетел асатыны жасырын емес. Оның себебі еліміздің медицина саласына кейбір ата-аналарымыздың тарапынан сенімсіздік білдіруі болса, екінші себебі көпшілік ата-аналар елімізде туа және жүре пайда болған ауруларда жоғары мамандандырылған, сапалы медициналық көмектің тегін көрсетілетінін білмейді. Осы ретте, баспасөз құралдары тарапынан жақсы ақпараттандырылатын болса, ата-аналардың медицина қызметкерлеріне деген сенімі арта түсетін еді.

– Бұл саладағы кадр мәселесіне тоқталсаңыз...

– Кадр мәселесі – барлық салада өзекті деп айтуға болады. Бүгінде өңірлердегі емдеу мекемелерінде балалар хирург маманы тапшылығының бары жасырын емес (нақты саны, қанша маман жеткілікті екенін айту әзірге қиын). Ол еліміздегі медициналық жоғарғы оқу орындарында 2000 жылдардың басында «Педиатрия» факультетінің жабылуы себебінен де болуы ықтимал. Әрине, нақты себебін айту өте қиын. Мамандықтың ауыртпалығы, кішкене пациенттерімізбен жұмыс жасаудағы қиыншылықтар және тағысын тағы аталған саладағы маман тапшылығына себеп болып отыр.

Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. Еліміздің жоғарғы медициналық оқу орындарында, ірі медициналық орталықтарында «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша резидентурада жас дәрігерлер даярлануда. Бүгінде «University Medical Center» КҚ базасында «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша 20 дәрігер-резиденттерді даярлап жатырмыз. Дәрігер-резиденттеріміз қазіргі күннің өзінде шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне ие болып, халықаралық конференцияларға белсенді қатысып, жоғары деңгейде көмек көрсете алатын мамандар ретінде қалыптасып келе жатқанын нақты айта аламын. Осы ретте, жақын арада кадр тапшылығы мәселесі оң шешімін табатынына сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар