19:19, 15 Қаңтар 2015 | GMT +5
П. Порошенко Н. Назарбаевпен әңгімелесу барысында жоғары деңгейдегі кездесуді Астанада өткізуге ықыласты екенін растады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина Президенті Петр Порошенко телефон арқылы сөйлесті.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттер басшылары Украинадағы қазіргі ахуалды, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
П.Порошенко жоғары деңгейдегі кездесуді өзінің Астанада өткізуге ықыласты екенін растады. Ол сонымен қатар таяу уақытта «норманд төрттігінің» сыртқы істер министрлері мен Шығыс Украинадағы дағдарыс жөніндегі байланыс тобының кездесуі өтетінін, онда Қазақстанның елордасында талқыланатын құжаттың жобасы әзірленетінін атап өтті.
Әңгіме барысында Украина, Ресей, Германия және Франция көшбасшыларының Астанадағы кездесуін қаңтардың аяғында өткізу қарастырылып отырғаны айтылды.
Телефон арқылы сөйлесуге Украин жағы бастамашы болды.