Пәкістан Қазақстан экономикасының мұнайгаз саласына инвестиция салуға әзір

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістан Қазақстанмен сауда айналымын жақсартуға тырысуда және ел экономикасының металлургия, мұнай және газ салаларына инвестициялар салуға әзір. Бұл туралы Trend.az Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шаукат Али Мукадамға сілтеме жасап хабарлады.
None
None

«Біз мұнай және газ, сондай-ақ металлургия салаларына инвестициялар салуға әзірміз. Егер нақты айтатын болсақ, әңгіме екі компания жөнінде болып отыр. Олардың бірі мұнай өндіретін бірлескен кәсіпорын құруға, ал екіншісі - осы мұнайды сатып алуға мүдделі. Біз мұнай өндіру көлемі күніне 15 мыңнан 50 мың баррельге дейін жететін кәсіпорынды инвестициялауға әзірміз. Дегенмен инвестициялар мөлшері нақты қуаттарға байланысты», - деді ол.

Дипломат сондай-ақ Пәкістан таяудағы үш жылдың ішінде Қазақстанмен тауар айналымын жылына 100 миллион долларға жеткізуге ниетті екенін жеткізді.

«Таяудағы үш жыл ішінде тауар айналымын жылына 100 миллион долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл сан - шек емес, өйткені екі ел арасында әріптестікті кеңейтудің барлық мүмкіндіктері бар. Қазақстанға келгенге дейін бірнеше жыл Оңтүстік Кореяда елші болдым, сол кезде екі ел арасындағы айналым 1,6 миллиард долларды құрады», - деді елші.

Оның айтуынша, тұтастай алғанда, 2012 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда көлемі 36 миллион долларды құраған, соның ішінде 21 миллион доллары - пәкістандық экспортқа тиесілі, ал 15 миллион доллары - қазақстандық экспорт. 2013 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 22 пайызға өсіп, 44,3 миллион долларға жетті.

Соңғы жаңалықтар