Пәкістан Газа секторына 100 тонна азық-түлік жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Пәкістан Израильдің шабуылы мен блокадасына ұшыраған Газа секторында аштық болып жатқанын Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қолдаған бақылау ұйымы растағаннан кейін, аймаққа 100 тонна азық-түлік жіберді, деп хабарлайды Анадолы.

Пәкістан Газа секторына 100 тонна азық-түлі жіберді
Фото: Анадолы

БҰҰ қолдауымен жұмыс істейтін бақылау ұйымы Интеграцияланған азық-түлік қауіпсіздігін жіктеу шкаласы (IPC) бойынша Газадағы аштық туралы есебін жариялаған соң, Пәкістанның Төтенше жағдайларды басқару ұлттық агенттігі (NDMA) АҚШ-та орналасқан Facebook әлеуметтік желісі арқылы мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде премьер-министр Шахбаз Шарифтің тапсырмасымен дайындалған 100 тонна жүк Лахор қаласынан жөнелтілгені айтылды. Жүк құрамына ұн, дайын тағамдар, май, тосап және жемістер бар.

Бұл – Пәкістан жіберген 19-шы гуманитарлық көмек партиясы. Жалпы көлемі 1915 тонна.

Израильдің әскери шабуылдары мен қатаң блокадасы салдарынан Газа секторы гуманитарлық апатты бастан кешіріп отыр. Аймақта аштық, ауызсу тапшылығы, дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық пен гигиеналық заттар жетпей жатыр.

Газа секторында әсіресе балалар арасында аштықтан өлу жағдайлары көбейді. Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильдің «аштық пен шөлді қару ретінде қолданып отырғанын» мәлімдеуде.

2025 жылғы 15 тамызда жарияланған IPC есебінде Газа қаласындағы аштықтың 5-деңгей (катастрофалық деңгей) расталғаны айтылды. «22 айға созылған қақтығыстардан кейін 500 мыңнан астам адам аштық, кедейлік және өліммен сипатталатын апаттық жағдайда өмір сүріп жатыр» делінген құжатта.

Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газадағы 15 600-ден астам науқас медициналық эвакуацияға мұқтаж екені туралы хабарлаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар