Пәкістан Газа секторына 100 тонна азық-түлік жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан Газа секторына 100 тонна азық-түлік көмегін жөнелтті. Бұл шешім БҰҰ қолдауымен жұмыс істейтін бақылау ұйымы Израильдің шабуылдары мен қоршауында тұрған Газада аштық фактісін растағаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Анадолы.
БҰҰ қолдайтын бақылау ұйымы Газадағы аштық деңгейін азық-түлік қауіпсіздігінің интеграцияланған жіктемесі (IPC) бойынша растаған соң, Пәкістанның Төтенше жағдайларды басқару ұлттық агенттігі (NDMA) АҚШ-та орналасқан Facebook әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде премьер-министр Шахбаз Шарифтің тапсырмасымен ұн, дайын тағамдар, май, тосап және жемістерден тұратын салмағы 100 тонна болатын гуманитарлық жүк Лахор қаласынан Газаға жөнелтілгені айтылды.
Бұл – Пәкістаннан Газаға жіберілген 19-шы көмек пакеті. Жалпы жеткізілген көмектің көлемі 1915 тоннаға жетті.
Израильдің шабуылдары мен гуманитарлық көмектің келуін шектейтін қатаң қоршауы жағдайында Газа секторы аштықтың таралуы, су, дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар мен гигиеналық құралдардың жетіспеуімен сипатталатын гуманитарлық апатты бастан кешіруде.
Газа секторында әсіресе балалар арасында аштықтан көз жұму деректері көбейіп барады. Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильдің «аштық пен шөлді қару ретінде қолданып отырғанын» айтады.
IPC-дің 2025 жылғы 15 тамызда жарияланған соңғы есебінде Газада аштықтың ең жоғары деңгейі – 5-ші деңгей (катастрофалық деңгей) жеткілікті дәлелдермен расталды.
— 22 айға созылған қанды қақтығыстардан кейін Газа секторындағы жарты миллионнан астам адам аштықпен, жоқшылықпен және өліммен сипатталатын апатты жағдайда өмір сүріп жатыр, — делінген құжатта.
Айта кетелік БҰҰ Газа секторындағы ашаршылықты алғаш рет ресми түрде растады.