Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыс болды. Бұл туралы ауған әскери қызметкерлері хабарлады, деп жазады БелТА.
Ауғанстан қарулы күштерінің «Мансури» 203-армиялық корпусының ресми өкілі Абдул Хак Фиданың айтуынша, атыс Пактия провинциясының Данд-Патан ауданында, Кабул мойындамайтын әрі екі елдің шекарасы саналатын Дюранд сызығы маңында болған.
Оның мәлімдеуінше, атысты алғаш болып Пәкістан күштері бастаған. Қазір оқиға болған аймақтағы жағдай тұрақталған.
Биыл 26 ақпан күні кешке Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында ұрыс қайта басталған еді. Кабул мұны Пәкістанның Ауғанстан аумағына жасаған әуе соққыларына жауап ретінде жүргізіліп жатқан әскери операция деп түсіндірді.
Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф өз елі мен Ауғанстандағы тәліптер үкіметі ашық қарулы қақтығыс жағдайында екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, қыркүйек айының соңында Ауғанстан Пәкістаннан келген 28 содырдың көзін жойғанын мәлімдеген болатын.