Пәкістанда болған терактіден кемінде 12 полицей қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында жанкешті жарылғыш зат тиелген көлікпен полиция бөлімшесіне соқтығысып, салдарынан кемінде 12 полицей қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп жазады Синьхуа.
Оқиға сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:55-те Банну округінде болған. Дереккөздердің Синьхуа агенттігіне мәлімет беруінше, полиция бөлімшесі толығымен қираған.
Қазіргі уақытта құтқару топтары ауыр техника көмегімен үйінділерді тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Билік өкілдері қирандылар астында әлі де қаза тапқандар болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Саперлердің бағалауынша, шабуыл кезінде 1200-1500 келіге дейін жарылғыш зат қолданылған.
Жарылыс үшін жауапкершілікті «Иттихад-уль-Муджахидин Пәкістан» (IMP) атты қарулы топ өз мойнына алды.
Соңғы айларда Ауғанстанмен шекаралас Пәкістанның солтүстік-батыс аймақтарында қауіпсіздік күштері мен құқық қорғау органдарына бағытталған қарулы шабуылдар жиілеген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздер жүргізу үшін Пәкістанға жоспарланған америкалық делегацияның сапарын тоқтатқанын жазған едік.