Пәкістанда қарулы шабуыл салдарынан 7 адам мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында белгісіз біреулердің полиция көлігіне қарулы шабуылының салдарынан 7 адам мерт болды, деп хабарлайды Анадолы Geo News-ке сілтеме жасап.

Пәкістанда қарулы шабуыл салдарынан 7 адам мерт болды
Фото: Анадолы

Ресми мәліметке сәйкес, шабуыл құрбандарының алтауы — полиция қызметкерлері. Оқиға Кохат ауданындағы Шакардара тасжолында болған. Қарулы топ шабуылдан кейін көлікті өртеп жіберген.

Пәкістандағы террорлық қатер

Пәкістандағы қарулы шабуылдар негізінен Хайбер-Пахтунхва және Белуджистан провинцияларында көп кездеседі. Бұл өңірлер Ауғанстанмен шектеседі және ұзақ жылдан бері тұрақсыздық аймағы саналады.

Аталған аймақтарда пуштундар мен белудждардың мүддесін көздейтін түрлі қарулы топтар әрекет етеді. Олар қауіпсіздік күштеріне де, бейбіт тұрғындарға да тұрақты түрде шабуыл жасап келеді.

Исламабад билігінің мәлімдеуінше, Пәкістандық «Талибан» — Tehrik-i-Taliban Pakistan (TTP) — Ауғанстан аумағында орналасып, шабуылдарды шекара сыртынан үйлестіреді. Алайда ауған тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Ал Белуджистан өңірінде ең белсенді ұйымдардың бірі — Белуджистан азат ету армиясы (BLA). Бұл топ провинцияны Пәкістан құрамынан бөліп, аймақты басқаруды жергілікті белудж халқына беруді талап етеді.

Осыған дейін Пәкістан астанасы мешітіндегі жарылыстан адамдар қаза болғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум