Пәкістанда наразы топ пен полиция арасында қақтығыс болып, 6 адам қаза тапты
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Ханның түрмеден босатылуын талап еткен жақтастары полициямен қақтығысып, Исламабад орталығына билік орнатқан қоршауларды бұзып өтті. Екі тарапта кем дегенде алты адам қаза тапты, деп жазады ВВС.
Полиция мен сарбаздар көп ұзамай наразылық білдірушілерді таратып үлгерген.
— Исламабадтағы шиеленіс түн болғанда қайта жандануда, ПТИ жақтастары көрші аудандарда қайта топтасып жатыр, әзірше қақтығыстардан аулақ тұрған сияқты, — деп хабарлайды BBC.
ПТИ — Имран Ханның партиясы, Пәкістандағы әділдік үшін қозғалыс (Пакистан Техрик-и-Инсаф).
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф шерушілер өз көліктерімен төрт сарбазды басып өлтіргенін айтты.
ПТИ өкілі Зулфикар Бухаридің айтуынша, наразылық білдірушілер тарапынан екі адам қаза тауып, 30 адам жараланған. Қаза тапқандардың біріне оқ тиген, екіншісін көлік басып қалған.
Тараптардың бұл мәлімдемелерін тексеру әлі қиын.
Имран Ханның мыңдаған жақтастары Исламабадқа жиналып, өткен жылы жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен түрмеге жабылған 72 жастағы бұрынғы премьер-министрді босатуды талап етті.
Шерушілер Исламабадтың орталық алаңына жиналғысы келді, бірақ билік негізгі көшелер мен жолдарды теңіз жүк контейнерлерінен жасалған тосқауылдармен жауып, елордаға елдің түкпір-түкпірінен әскерилер мен полицияны әкелген.
Шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болып, наразылық білдірушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқтар қолданылған.
Айта кетейік, бұған дейін Пәкістанда сүниттер мен шейіттер қақтығысып, 33 адам мерт болғаны туралы жазған едік.