Пәкістанда жаңбыр салдарынан 71 адам қаза тауып, 67 адам жарақат алды

Пәкістан
Фото: aljazeera.com

ИСЛАМАБАД. KAZINFORM – Пәкістанның түрлі аудандарында қатты жаңбыр мен найзағай өткен сенбіден бері жалғасып жатыр. Табиғи апат салдарынан 71 адам қаза тауып, 67 адам жарақат алды, деп хабарлады мемлекеттегі Ұлттық Табиғи апаттарды басқару басқармасының (NDMA) ресми өкілі.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, апаттан ең көп зардап шеккен аймақ елдің солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясы болды. Онда шатырдың құлауы мен найзағай соғуы сияқты түрлі оқиғалардан 32 адам қаза тапқан.

Шенеуніктің хабарлауынша, Хайбер-Пахтунхвада қаза тапқандар арасында 15 бала мен бес әйел бар, тағы 41 адам жараланған. Сонымен қатар 1370 үй зардап шеккен.

Елдің шығысындағы Пенджаб провинциясында 23 адам қаза тауып, жетеуі жараланған. Елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында сегіз адам қаза тауып, тағы сегіз адам жараланған.

Осы уақыт аралығында Пәкістан басқаратын Кашмирде толассыз жауған жаңбыр салдарынан кем дегенде сегіз адам қаза тауып, 11 адам жараланып, 47 үй қираған, деп қосты ресми өкіл.

NDMA сәрсенбіде елде 17 сәуір мен 29 сәуір аралығында қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін екендігі туралы ескерту жасады.

Соңғы жаңалықтар