Пәкістанның 5 долларлық құралын делдал елдерден 50 долларға сатып аламыз – елші

сауда доллар
Фото: freepik

Арадағы іскерлік байланыстың әлсіздігінен Пәкістанда өндірілетін тауарларды өз бағасынан ондаған есе қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин осындай мәлімет берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Пәкістанда 2,5 жыл жұмыс істегенде байқағаным, бұл елдің өндіріс-өнеркәсіптік әлеуеті өте ауқымды. Бұл мемлекет туралы өте аз білеміз. Өкінішке қарай, Пәкістан туралы бұрмаланған қасаң қағидалар қалыптасқан. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде сондай түсінік бар. Кімнен сұрасаңыз да үш дүниені айтады. Біріншісі – терроризм, екіншісі – экономикадағы проблемалары, үшіншісі – былтыр болған су апаты. Негізі Пәкістанның өндіріс пен өнеркәсіптегі әлеуеті бізге өте маңызды. Әлем картасында Қазақстан мен Пәкістан бір-біріне жақын орналасқан. Бірақ дамыған көлік-логистика дәлізінің болмауы бүгінге дейін сауда-экономикалық байланыстарды әлеуетімізге сай дамыта алмай келдік», – деді Қазақстан Елшісі.

Дипломат бұл сөзіне мысал да келтірді.

«Пәкістан хирургиялық құралдар өндірісі жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Олар хирургиялық құралдарды Еуропа елдеріне, АҚШ-қа, Жапонияға, басқа да елдерге экспорттап отыр. Ал біз сол хирургиялық құралдарды аталған елдерден сатып аламыз. Пәкістандағы Хирургиялық құрал өндірушілердің қауымдастығы бізге берген орташа арифметика мынандай: олар 5 долларға өндірген құралды біз сырттағы нарықтардан 50 долларға сатып аламыз. Хирургиялық құралдар нарығындағы ахуалдың арифметикасы осыған саяды.

Тоқым индустриясын алсақ, әлемдегі үздік ондықта тұр. Мысалы, джинс бұйымдарының өзіндік құны 5-10 доллардың айналасында. Ал оны қазір қандай бағамен өзге нарықтардан импорттап отырғанымызды жақсы білесіздер. Бұларда фармацевтика индустриясы да қатты дамыған», – дейді ол.

Сондай-ақ дипломат Пәкістан әлемнің әр түкпіріне манго, картоп, күріш, цитрус дақылдарын молынан экспорттайтынын еске салды.

«Біз Пәкістандағы өндірушілерге Қазақстан аумағында бірлескен өндірісті жолға қою мүмкіндіктерін ұсынуға дайынбыз. Біздегі халық саны 20 млн болса, Пәкістанда 242 млн адам бар. Карачи қаласында ғана 30 млн адам тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан нарығы Пәкістан үшін соншалық ауқымды емес болып көрінуі мүмкін. Бірақ Қазақстан Еуразия нарығына жол ашатын алаң бола алады. Пәкістанның өз нарығы өте ауқымды болғандықтан Қазақстанға осы жағымен қызықты. Біз Араб теңізіндегі Пәкістанның Карачи және Лахор порттары арқылы Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығына жол аша аламыз. Бұл аймақтар бүгінде әлемдегі ең бір халқы тығыз қоныстанған өңірлердің біріне айналып отыр. Сондықтан екі мемлекет бір-біріне көрші нарықтарға кіретін қақпа бола алады. Оның сыртында екіжақты әріптестіктің әлеуеті де зор», – дейді Ержан Қыстафин.

Елші арадағы сауда-саттықтың логистикасына да тоқталды.

«Екі арада іскерлік, академиялық ақпарат алмасу жағы кенже қалған. Одан кейін тиімді көлік-логистикалық маршрут жоқ. Бүгінгі таңда үш негізгі бағыт бар. Біріншісі – Пәкістан, Қытай, Қырғызстан, Қазақстан аумағын көктеп жатқан Қарақорым тасжолы. Бұл – ең қысқа әрі ең арзан маршрут. Ауғанстан аумағы арқылы өтетін екі бағыт бар. Оларға не Өзбекстан арқылы, не Түрікменстан арқылы шығуға болады. Үшінші бағыт – Иран. Иран аумағымен Каспий арқылы Ақтау портынан Амирабадқа, Амирабадтан Бендер-Аббасқа, Бендер-Аббастан әрі Гвадара және Карачи порттарына өтуімізге болады. Бұл бағыттың артықшылығы – толықтай теміржолы тармағы түзілген. Кемшілігі – ең ұзақ, ең қымбат маршрут болып тұр. Осы айдың аяғында екі елдің Сауда министрлерінің онлайн кездесуі өтеді. Сол кездесуде логистика мәселелерін талқыласақ деп отырмыз. Өйткені логистикасыз сауда-саттықты дамыту мүмкін емес», – деді Е.Қыстафин.

Соңғы жаңалықтар