Палау орталығындағы жарылыс: арнайы прокурорлар қандай мәліметті анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының арнайы прокурорлары «Центр плова Loft» кафесіндегі өрт фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

орталығы
Фото: Оксана Матасова /Kazinform

Қылмыстық жауаптылыққа кафені жалға алушысы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізуді жүзеге асырған тұлға тартылып отыр. Олардың әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) және 306-бабының 3-бөлігімен (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды.

Арнайы прокурорлар қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен ауыр зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланысты анықтады.

Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 26 ақпанында газ баллоны жарылып, өрт шыққан болатын. Салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дене жарақатын алды.

Сондай-ақ ғимарат иесіне аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді.

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, «Палау орталығы» кафесінің иесі ұсталған еді.