Палестина президенті ұлттық кеңеске сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Палестина президенті Махмуд Аббас сенбі күні Палестинаның Ұлттық кеңесінің (ПҰК) жаңа шақырылымына 2025 жылдың соңына дейін сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды, деп жазады Синьхуа.

Палестиналық ВАФА ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл жарлық 17 шілдеде өткен Палестинаны азат ету ұйымының (ПАҰ) атқарушы комитетінің отырысында сайлауды осы жылдың соңына дейін өткізу туралы шешімінен кейін қабылданған.
ВАФА агенттігінің мәліметінше, сайлау күні атқарушы комитетінің төрағасының шешімімен анықталады.
Ұлттық кеңеске 350 мүше енеді, олардың үштен екісі — Палестина аумағында тұратындар, ал қалған үштен бірі — шетелдегі палестиналық диаспора өкілдері болады.
Агенттік мәлімдегендей, атқарушы комитет сайлау өткізу үшін қажетті іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын дайындық комитетін құру туралы шешім қабылдайды.
Палестинаның Ұлттық кеңесі — Палестинаны азат ету ұйымының парламенттік органы саналады және оның құрамына Палестина ішіндегі және сыртындағы әртүрлі фракциялар, қозғалыстар, кәсіподақтар мен топтардың өкілдері кіреді.
Бұдан бұрын Израиль шабуылдары салдарынан Газада бір тәулікте 110 палестиналық қаза тапқаны хабарланды.