Палестинада Қазақстанмен орнатылған дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына арналып салтанатты қабылдау өтті

Бұл туралы Қазақстанның Аммандағы Елшілігінен хабарлады.
Іс-шара Қазақстан мен Палестина арасындағы өзара қарым-қатынастарға жетекшілік ететін Қазақстанның Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігімен ұйымдастырылды.
Аталған қабылдауға Палестина Президентінің Әкімшілігі, бірқатар министрліктер мен мемлекеттік органдар басшылары, іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Рамаллада бекітілген дипломатиялық корпус басшылары мен Палестинада тұрақты тұрып жатқан азаматтарымыз, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтардың арасынан Сыртқы істер министрі Р.әл-Малики, Үкімет аппаратының басшысы - Ақпарат министрі Ғ.әл-Хатыб, Мәдениет министрі С.Барғути, Қауіпсіздік күштер басшысы Н.Абу Духан, Рамалла мен Бире Губернаторы Л.Ғаннам, Рамалла қаласының әкімі Ж.Михаилді атап өтуге болады.
Елші Б.Сәрсенбаев жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Палестина қатынастарының даму тарихының негізгі кезеңдері жөнінде, олардың қазіргі кездегі жағдайы мен болашағы туралы баяндап берді. Бұған қоса, Елші Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде қол жеткізген елеулі жетістіктері, халықаралық сахнадағы бастамалары жөнінде сөз қозғады.
Қабылдаудың басты қонағы болған Палестинаның Сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики өз кезегінде бүгінгі күні Қазақстан халықаралық сахнада едәуір саяси беделі бар және елеулі экономикалық әлеуетке ие ел екенін атап айтты. Министр Палестина мен Қазақстан арасындағы сенімге негізделген байланыстардың күннен-күнге нығайып отырғанына назар аударып, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделігін қуаттады. Р.әл-Малики еліміздің тарихи тұрғыдан қарағанда қысқа мерзімдегі жетістіктеріне жоғары баға беріп, Палестина халқына көрсетіп отырған қолдауына қатысты Елбасына және Қазақстан халқына өз алғысын білдірді.
Аталған мерекелік іс-шаралар туралы Палестина ақпарат құралдары, оның ішінде ұлттық телеарнасы, радио және ақпарат агенттігімен кеңінен хабар таратып, республикамыздың оң имиджін арттыруға өз септігін тигізді.