Палестинаға қару сатқан иорданиялық депутат 10 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Иордания соты ел парламентінің бұрынғы депутаты Имад әл-Адуанды 10 жылға соттады. Ол Иордан өзенінің Батыс жағалауына контрабандалық жолмен қару тасымалдаған, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Израиль шекарашылары депутатты 2023 жылдың сәуірінде контрабандалық алтын мен қару-жарақпен «Король Хусейн көпірі» ретінде белгілі Алленби шекара өткелінде ұстаған. Иорданиялық депутаттың көлігінен ол Палестинаға жеткізбек болған 137 атыс қаруы анықталды.
Тергеу барысында анықталғандай, бұрынғы депутат 2022 жылдың ақпан айынан бері дипломатиялық төлқұжатын пайдаланып 12 контрабанда операциясын жасаған. Әл-Адуан Батыс жағалауға қару-жарақтан бөлек жануарлар, құстар, электронды темекі мен алтынды заңсыз алып келген.
Ол Израильде ұсталғаннан кейін көп ұзамай, Иорданияға тапсырылды. Хашимит корольдігінің билігі Израильмен әл-Адуан үшін бұлтартпау шарасын өздері таңдайтыны туралы келісті. Иордан мемлекеттік қауіпсіздік сотының прокуроры бұрынғы депутатқа айып тақты.
Кейін сот оны 10 жылға соттау туралы үкім шығарды.