Палестинаның оқу орындарының бірінде Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығына арналған «дөңгелек үстел» өтті

Бұл іс-шараны 9 сәуір күні Қазақстан мен Палестина арасындағы қарым-қатынастарға жетекшілік ететін еліміздің Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігі ұйымдастырды.
«Дөңгелек үстелге» Палестина Парламентінің Халықаралық қатынастар комитетінің басшысы д-р Абдалла Абдалла, Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммед Таршахани, «Birzeit» университетінің ректоры Халил Хинди және басқа да зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда білім алған палестиналықтар қатысты.
Елші Болат Сәрсенбаев Қазақстанның 57 мемлекетті біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен іс-қимылының тарихы, 2011 жылы осы беделді Ұйымға төрағалығын бастағаннан кейін атқарған белсенді қадамдары туралы және де алдағы уақытта осы Ұйым шеңберінде жоспарланып отырған шаралар жөнінде баяндап берді.
Сонымен қатар, Елші өз сөзінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының басты мақсаттары мен қағидаларына тоқталып, төл дипломатиямыздың қалыптасу тарихы, еліміздің көпвекторлық сыртқы саясатының басты бағыттары мен мақсаттары, негізгі стратегиялық басымдықтары, әлемдік дәрежедегі Қазақстанның маңызды сыртқы саяси бастамалары, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, этноконфессионалдық моделі, Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты және басқа да маңызды тақырыптар аясында сөз қозғады.
«Дөңгелек үстелдің» қатысушылары өз кезегінде Елбасы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстанның осы күндері дүниежүзіне танымал елдердің қатарына қосылып, қарқынды даму үстінде екендігін әңгімеледі.
Қонақтарға Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін паш ететін алдын-ала дайындалған кітапшалар таратылды, еліміз жөнінде деректі фильм көрсетіліп, фотокөрме ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел барысында Елші Палестина Ұлттық телеарнасына арнайы сұхбат берді.