Паллиативтік көмекке қолданылатын дәрілердің тізбесі кеңейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда биыл паллиативтік көмек көрсету шеңберінде препараттар тізбесі кеңейтіліп, қазір ол 18 атауды қамтиды, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

паллиативтік көмек
Фото: ДСМ

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі стационарларда паллиативтік көмек көрсету тарифін және көшпелі мобильдік бригадаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты.

Бұл пациенттер үшін көмекті қолжетімді етуге және паллиативтік қызметтің инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.

— Бүгінде елімізде 2 087 паллиативтік төсек орналастырылған, оның 81-і балалар төсегі. Барлық 20 өңірде 220 мобильдік бригада жұмыс істейді. Паллиативтік көмек көрсететін 9 дербес мекеме Алматы және Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Абай облысында, СҚО және ШҚО-да жұмыс істейді, — деген дерек келтірді министрлік.

Мұндай қолдауды қажет ететін пациенттердегі аурулардың құрылымы әртүрлі:

• онкологиялық аурулар — 41%, 

• жүрек-қан тамырлары — 27%,

• тыныс алу ағзаларының аурулары — 12%,

• жарақаттар — 11%,

• туберкулез-2%.

Ведомство мәліметінше, сонымен қатар, қазір тәсілдерді біріздендіру, қызметтердің сапасы мен мультидисциплиналық командалардың тиімділігін арттыру үшін паллиативтік көмекті ұйымдастырудың жаңа ұлттық стандарттары әзірленіп жатыр. Әлі де маңызды қадамдар жасалуы керек сала — балалар паллиативіне ерекше назар аударылады.

Осыдан бұрын тіркелмеген дәрі-дәрмек әкелуге арналған электронды рұқсаттың жаңа формасы енгізілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар