Панк сән стилінің негізін қалаған британдық дизайнер Вивьен Вествуд қайтыс болды
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Панк сән стилін коммерциялық мәдениеттің бір бөлігіне айналдырған әлемдегі танымал дизайнерлердің бірі Вивьен Вествуд көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС жаңалықтарына сілтеме жасап.
Дизайнердің сән үйі Twitter-дегі парақшасында жазғанындай, Вествуд 82 жасында отбасы мүшелерінің ортасында қайтыс болды.
Вествуд 1970 жылдары кеңінен танылды және ол панк эстетикасын қалыптастырушылардың бірі. Әйгілі Sex Pistols панк тобының менеджері Малкольм Макларен оның досы болды. Топ музыканттары телеэкранға Вествудтың киімдерімен шықты.
Сәнге келгенге дейін ол бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді, кейінірек Макларенмен бірге Челсидің Лондон ауданындағы Кингс-роуд бойында Let It Rock деп аталатын киім дүкенін ашты. Кейіннен дүкен атауы Sex деп өзгертілді, ал 1975 жылдың соңында Макларен Sex Pistols компаниясының менеджері атанды.
Кейін Вествуд қымбат киім шығаратын әлемдік бренд қалыптастырды. ХХ ғасырдағы ең ықпалды сәнгерлердің біріне айналды. Ол қоғам белсендісі ретінде де танымал болды. Жиі саяси мәлімдемелер жасап, демонстрацияларға қатысты, соның ішінде Джулиан Ассанжды қорғап, атмосфераның ластануына қарсы пікірлерін білдірді.
2006 жылы патшайым Елизавета ІІ қолынан сәнге қосқан үлесі үшін «Рыцарь» атағын алды.
Фото: GETTY IMAGES