22:49, 29 Мамыр 2014 | GMT +5
Пара алды деп айыпталған қос бірдей полицей 7 жылға бас бостандығынан айырылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен БҚО ішкі істер департаменті тергеу басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Заят Мұхтаров пен әкімшілік полиция басқармасы табиғат қорғау бөлімінің бұрынғы бастығы Ғабиден Қағазғалиев айыпты деп танылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, З.Мұхтаров ҚР ҚК 311-бабы 4-бөлімі «б» тармағы және 177-бабы 3-бөліміне сәйкес 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ғ.Қағазғалиевке де ҚР ҚК 311-бабы 4-бөлімі «б» тармағы бойынша жеті жыл жаза кесілді. Олар жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады. Тергеу материалдарынан мәлім болғанындай, Ғ.Қағазғалиев З.Мұхтаровпен келісе отырып, Х. деген азаматтан ҚР ҚК 287-бабы 1-бөлімі «а» тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істі қысқарту үшін ірі көлемде пара талап еткен. 2013 жылғы қазан айының басында Қағазғалиев Х-дан параның бір бөлігін алып, Мұхтаровқа берген. 30 қараша күні Ғ. Қағазғалиев пара алу үстінде қаржы полициясы қызметкерлерінің қолына түсті.