Пара алған полиция қызметкері сот залында тұтқындалды
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімінің жедел уәкілі Е.Шаймарданов қызмет бабын пайдалана отырып, алаяқтық жасап, алдау жолымен өзгенің мүлкін иемдену мақсатымен Л. деген азаматтың мәселесін шеше алатынын айтып, оны пара беруге итермелеген. Бұл ретте өзінің полиция қатарында он жылдан астам уақыт бойы қызмет ететінін, Абай полиция бөлімі басшысымен жақсы қарым-қатынаста екенін, онымен мәселені шешуге келіскенін айтып, түсіндірген.
Шаймарданов түскен арыз бойынша қылмыстық іс қозғамау үшін Л-дан 450 мың теңге көлемінде пара алған. Сот оны мүлкін тәркілеумен бірге жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге 2 жыл 6 айға соттады. Бұған дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген полиция қызметкері сот залында тұтқындалды.