09:25, 22 Маусым 2016 | GMT +5
Пара алған Талғар аудандық білім беру бөлімінің қызметкеріне 5 млн теңге айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысы Талғар аудандық соты ҚР ҚК 366-бабы 1-бөлімі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істі қарады.

«Сот үкімімен сотталушы айыпты деп танылды, ол Талғар ауданы білім беру бөлімінің бас маманы боп жұмыс істеп жүріп, өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін әрекеті үшін 100 000 теңге көлемінде пара алған. Атап айтқанда, кәмелеттік жасқа толмаған қыздың анасын аналық құқықтан айыруға жәрдемдескен. Бұдан басқа, ол арнайы комиссияға әжесінің (пара беруші) баланы асырап алуы туралы оң шешім шығаруына ықпал етуге уәде берген», - деп хабарлады облыс соттың баспасөз қызметінен.
Сот оған параның елу есе көлемінде айыппұл түрінде жаза кесті және оның мүлкі тәркіленіп, ол мемлекеттік қызметте саяси, әкімшілік лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.