Пара алғаны үшін сотталған Сәтбаев қаласының экс-әкімі сот үкіміне шағым түсірді

Сәтбаев әкімдігі
Фото: Сәтбаев әкімдігі

СӘТБАЕВ. KAZINFORM – 10 миллион теңге пара алғаны үшін сотталған Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі Шапағат Әубәкір сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сәтбаев қалалық соты қаланың экс-әкімі Ш.Әубәкірге және жеке кәсіпкер Д.Мейірбекке қатысты қылмыстық істі қарады.

Сонымен, 2024 жылдың ақпан айында Ш.Әубәкір қала әкімі бола тұра, Сәтбаев қаласындағы жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізетін жеке кәсіпкер Д.Мейірбектен мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оның кеңеюіне жәрдемдесу үшін 10 млн теңге көлемінде пара алған.

Сәтбаев қалалық сотының 2024 жылғы 18 наурызындағы үкімімен Ш.Әубәкір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Д.Мейірбек ҚР ҚК-нің 367 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 200 млн теңге айыппұл тағайындалған.

Облыстық соттың апелляциялық сот алқасының қаулысымен аталған үкім өзгеріссіз, ал сотталған Ш.Әубәкірдің, оның қорғаушысы-адвокаттың апелляциялық шағымы және прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 14 ақпанда Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласының әкімі парамен ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сәтбаев қаласының әкімі ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ұсталғанын растады.

Пара алған Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі Шапағат Әубәкір 3,5 жылға сотталды.

Соңғы жаңалықтар