«Пара берген де, алған да, делдал да сотталады» - БАҚ-қа шолу

***
«Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлағандай, Қаржы полициясы парақорлықпен, оның ішінде пара берумен күресті күшейте түскен көрінеді. Енді парақорлық сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті көріністерінің бірі болып табылады. Сондықтан қатаң қылмыстық жауапкершілікке пара алатын шенеуніктермен қатар, пара беретін тұлғалар да тартылады. Олар пара бергені үшін ең ауыр жаза ретінде 15 жылға бірден сотталады және сыбайластықпен жинаған арам дүниесі де түгі қалмай тәркіленеді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, адамдардың басқа тұлғалардың арандатуларына еріп пара беруге келіскен жағдайлары жиі кездесуде. Пара беруге айдап салу фактілері бойынша 2012 жылы 29 қылмыс анықталды, ағымдағы жылғы 8 айда - 44. Азғырушылар азаматтарды пара беруге көндіру арқылы олардың ақшалай қаражатын иемденуді мақсат етеді. Алматы қаласы әкімдігінің бөлім бастығы 2,5 жылға сотталды. Ол Е. деген азаматты алдау арқылы мемлекеттік тұрғын үй алып беремін деген желеумен оны Алматы әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына 754 мың теңге көлемінде пара беруге айдап салған. Мақала «Пара берген де, алған да, делдал да сотталады» деген тақырыппен берілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Ардақ Бекенованың «Тасада тұрып тас атқан» деген тақырыптағы мақаласында қазіргі діни факторлардың халықаралық қатынастарға ықпалы жайында сөз қозғалады. Мақала авторының атап өтуінше, тарихта мұсылман әлемін қанға бөктірген «крест жорығының» түпкі мақсаты баю мен шұрайлы жерлерді иелену болғаны кім-кімге де артық түсіндіруді қажет етпейді. Дінді осылайша толық ұғынбау, өзге дінді түсінбеушілік, сыртынан түрлі даурықпа сөздерді ілестіре біржақты ғана пікір түю халықты қашанда қақтығысқа апарып соқтыратын фактор болып табылады. Түрлі діндердің арасына түсіністік көпірі нық орнамай, әлемде ешқашан бейбіт өмір салтанат құрмайды. Сондықтан қай діннің де уағызы мен ұстанымы әділетсіздік пен қақтығысқа қарсы, түрлі келіспеушілікке тоқтам салып, есірткі, ұрпақ азғындығы, экологиялық апат сынды жаһандық мәселелерді жеңуге қызмет етуі тиіс. Күні кешеге дейін діни факторлар бізге халықаралық қатынастарды ірітуші емес, реттеуші күш болып саналып келді. Алайда, соған қарамастан, қоғамдағы түрлі өзгерістер мен саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты басқа да түрлі қиындықтарға тап болуымыз мүмкін. «Соның бір мысалы ретінде айта кету керек, бір кездері Қазақстанда түрлі миссионерлер қаптап кетті. Тоқсаныншы жылдарғы тапшылықтың салдарынан шетелден енген сондай миссионерлік топтардың құрбанына айналған азаматтар аз емес. Олардың көбі өзіміздің қандастарымыз болғаны жанды аяздай қарып өтті. Бұлар баспанасыз, тұрмысы төмен, әлі оңы мен солын ажырата алмаған қазақтың кейбір уыздай жастарын жолдан тайдырып, өздерінің жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға тырысып бақты. Түрлі діни ағымдар пайда болды. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан отбасының тыныштығы бұзылып, әп-сәтте ойран-топаны шығуы үйреншікті оқиға санала бастады. Жергілікті ұлт өкілдері бұрын-соңды бастан кешпеген сұмдық оқиғаларға куә болды. Дінді бөлшектеп, іріткі салуды мақсат тұтқан пиғылы жат қаскөйлердің кей ретте арамза ойлары шынымен жүзеге асып кетіп жатқандай да болды. Ата-баба салтынан айдың-күннің аманында бас тартқан қаракөздерімізді қайта оралту өте қиын соғып тұр»,- деп жазады автор.
***
Ұлттық банктің жаңа басшылығы теңгенің қазіргі күйін «тұрақты» санайды. Бүгінде ұлттық валютаның бағамы 1 доллар үшін 155 теңгеге барып қалғаны белгілі. Мұны көріп, эксперттер «девальвация ендігі болды» деп дабыл қағуда. Әйткенмен, «Айқын» газетінің жазуынша, Ұлттық банктің жаңа төрағасы кеше алаңдауға негіз жоқтығын екі қайтара айтты. Бұл күні Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен жалпы отырыста сенаторлар Мемлекет басшысының Ұлттық банктің төрағасын тағайындауына келісім берді. Сонымен қатар басылымның жазуына қарағанда, осы жалпы отырыста Балқаш ЖЭС-іне қатысты жоба қызу пікірталас туғызды. Бұл станса қалдығы көп Екібастұз көмірімен жұмыс істейді деп жоспарлануда, сол себепті депутаттарды оның табиғатқа ықпалы толғандырады. Сенат депутаты С.Жалмағамбетова күл көп болатындығын, жылына 2 миллион күлді шлак шығарылуы мүмкіндігін айта келе, «Екібастұз көмірін» байыту туралы ұсыныс енгізді. Мысалға, Қарағанды көмірі коксталады, сондықтан оның сапасы өте жоғары көрінеді. «Қытайда осы әдіс қолданылады. Ал Қытай - ақшаны санай алатын ел. Ендеше, неге біз алғаш рет байыту технологиясын қолданбаймыз? Сонда күл аз болар еді», - деді ол. Толығырақ «Девальвация болмайды» деген тақырыптан біле аласыздар.
Қазақстанда физиология мен биофизиканың, биомедицинаның іргетасы қашан қаланды? Отандық ғылымдар тарапынан бұл орайда қандай жұмыстар істелініп жатыр, ал аталған ғылымның келешегі қалай болмақ? Бұл саланың басында кімдер тұр, осы уақытқа дейін қандай жетістіктер мен қиыншылықтар болды? Отандық оқу, білімнің қара шаңырағы саналатын ҚазҰУ-дегі биофизика және биомедицина кафедрасына 75 жыл толып отырған шақта ауыз толтырып айтар жетістіктер бар ма? Бұл жөнінде биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Қабдырахман Дүйсембин «Айқын» газетінің тілшісімен ой бөліскен. Сұхбат «Ғалымдар ғылымның дамуына үлкен үлес қосып жатыр» деген тақырыппен берілген.
***
Қазақстанның қарулы күштері қатардағы жауынгерлерді, сержанттар мен офицерлік құрамды жиынтықтаудағы өз саясатын түбегейлі өзгертуде. Бұл жайында «Экспресс К» газетіндегі «Есть такая профессия - Родину защищать» деген мақалада баяндалған. Басылымның жазуына қарағанда, енді 2 жылдан кейін кез келген сәтте өз отанын қорғауға дайын тұратын келісімшарт қызметкерлерінен кәсіби армия толығымен жасақталатын болады. Дегенмен әскери сарапшылардың атап өтуінше, армияның бір режімнен келесісіне көшуі саяси, әлеуметтік-экономикалық әрі қаржылық салаларды қамтитын барынша күрделі үдеріс. Дегенмен бұл орындалатын да жайт.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовті қабылдады. А.Есімов Алматының тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Кездесу барысында Қазақстан Президенті қала инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі қызметті жалғастыру қажеттігін атап өтті. «Қала экологиялық ахуалды жақсарту, қоғамдық көлікті газға көшіру, жолдарды жөндеу, көлік жолайрықтары құрылысы жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, мен Алматы төңірегінде айналма жолдар салуды тапсырдым. Мұның бәрі халықтың тұрмысы мен қала экономикасын жақсартуға септігін тигізеді. Алматы еліміздің өңірлері арасында алда келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.