Пара дзюдодан әлем чемпионатында қай салмақта жүлделер сарапқа салынады
АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында 13-15 мамыр аралығында алғаш рет өтетін әлем чемпионатында қанша салмақта жүлделер сарапқа салынатыны белгілі болды.

Дүбірлі дода төрт жылда бір мәрте болады. Ол пара дзюдо спорты үшін аса маңызды жарыс ретінде ерекшеленеді. Биыл оған 40 елден 350-ден астам спортшы келеді деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында 10 Паралимпиада чемпионы және 12 Паралимпиада ойындарының жүлдегері бар.
Жаһандық додада 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласады. Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлерде 64, әйелдерде 46 келі) жүлде сарапқа салынады.
Еліміздің ұлттық құрамасы жарысқа барлық салмақ дәрежесі бойынша бірінші нөмірлі спортшылармен қатысады. Ел намысын Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей, Даяна Федосова сынды тәжірибелі спортшылар қорғайды.
Дүбірлі додада сағат 10:00-13:00 аралығында іріктеу белдесуі болса, 15:30-17:00 шамасынла финал белгіленген.
Халықаралық жарыс Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында болады.
Пара дзюдо 1988 жылы ерлер арасында Паралимпиада ойындары бағдарлаамсына енгізілсе, 2004 жылдан бері әйелдер арасында да жүлделер сарапқа салынады.
Еске салсақ, бұдан бұрын пара дзюдодан Қазақстан құрамасы Grand Prix турнирінде топ жарды.