Пара дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық екі балуан финалда күреседі
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан парадзюдодан әлем чемпионатының екінші жарыс күні, 14 мамырда Аяла Мереке (70 келі) финалға шықты.

J2 санаты бойынша жартылай финалда ол жапон балуаны Ацуми Нишимураны таза жеңді.
Осы санатта Жұрқамырза Шүкірбеков (95 келіден жоғары) 1/2 финалда Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері, грузиялық балуан Реваз Чикоидзені ескерту саны бойынша ұтып, финалға жолдаманы қалтаға басты.
Еске салсақ, әлем чемпионатында 13 мамырда отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде еншіледі.
J2 санатынан Бексұлтан Құлмырза (81 келі) алтын алса, Ғалымжан Смағұлұлы (81 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Аталған санат бойынша Ерғали Шамей (81 келі), Айназ Құралова (46 келі) қола жүлдегер болды.
Сондай-ақ J2 санаты бойынша Даяна Федосова (60 келі) үздік үштіктен көрінді.
Жаһандық додада 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласады.
Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлерде 64, әйелдерде 46 келі) жүлде сарапқа салынады.