Пара дзюдодан Әлем чемпионатында қазақстандық тоғыз балуан жүлдеге таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында өтіп жатқан пара дзюдодан Әлем чемпионаты финалында қазақстандық 9 спортшы жүлдеге таласады.

Бүгін, 13 мамыр күні, Астанада дзюдодан «2025 IBSA Judo World Championships Astana» жарысында ел құрамасынан 9 спортшы жүлдеге таласады.
Ел құрамасынан J2 санаты бойынша 81 келідегі Ғалымжан Смағұлұлы финалда өзге отандасымыз Бексұлтан Құлмырзамен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Ал J1 санаты бойынша Альфия Тлекқабыл (52 келі), Мұрат Мадинов (64 келі), Айдын Мұтәліп (64 келі), Ерғали Шамей (81 келі), Асылан Нұрдәулетов (70 келі), Темірболат Ташекенов (70 келі), J2 санаты бойынша Даяна Федосова (60 келі) қола жүлдені сарапқа салады.
Турнирдің финалдық көрсетілімі сағат 17:00-де Qazsport телеарнасынан ұсынылады.
Жаһандық додада 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласады.
Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлерде 64, әйелдерде 46 келі) жүлде сарапқа салынады.