Пара дзюдодан әлем чемпионатының финалында қазақстандық қос балуан белдеседі

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында өтіп жатқан пара дзюдодан әлем чемпионаты финалында J2 санаты бойынша 81 келіде қазақстандық қос балуан сынға түседі.

Пара дзюдодан әлем чемпионатында финалда қазақстандық қос балуан белдеседі
Фото: ҚР Парадзюдо федерациясы

Финалда Ғалымжан Смағұлұлы мен Бексұлтан Құлмырза кездесетін болды. 

Жартылай финалда Ғалымжан Смағұлұлы 2 Паралимпиаданың қола жүлдегері, литвалық Освалдас Барейкисті ескерту саны бойынша жеңіп кетті.

Ал Бексұлтан Құлмырза 1/2 финалда бейтарап елдің өкілі, Лондон Паралимпиадасының қола жүлдегері Шахбан Курбановты 20 секундта иппонмен жеңді.

Жаһандық додада 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласады.
Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлерде 64, әйелдерде 46 келі) жүлде сарапқа салынады.

Жарыстың өтуіне Халықаралық зағиптар спорт федерациясы (IBSA) қолдау білдірді. Онда 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадаға маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады. 

Еске салсақ, әлем чемпионы Ерғали Шамей 1/8 финалдан аса алмады.

Соңғы жаңалықтар