Пара дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан пара дзюдодан әлем чемпионатында әйелдер құрамасы арасындағы командалық жарыста чемпион атанды.

Қазақстандық спортшылар жарыс жолында Түркия, Үндістан, Өзбекстан елдерін жеңді. Тек Бразилия құрамасына есе жіберді. Айналмалы жүйе бойынша өткен жарыс қорытындысында қазақстандық балуандар чемпион болды. Үздік үштікке Түркия мен Бразилия енді.
Айта кетсек, 13-14 мамыр күндері әлем чемпионатында жекелей сындағы белдесулер аяқталды.
Әлем чемпионатында екі күннің қорытындысы бойынша ел құрамасы жекелей сында 2 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде еншіледі.
J2 санатынан Бексұлтан Құлмырза (81 келі) мен Жұрқамырза Шүкірбеков (95 келіден жоғары) алтын алса, Ғалымжан Смағұлұлы (81 келі) мен J2 санатында Аяла Мереке (70 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді.
J1 санаты бойынша Ерғали Шамей (81 келі), Айназ Құралова (46 келі), Бағланбек Оңалбек (95 келіден жоғары), Ерлан Өтепов (95 келіден жоғары), J2 санатында Даяна Федосова (60 келі) қола жүлдегер болды.