Парагвайдың экс-президенті 15 жылға сотталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Парагвайдың бұрынғы президенті Сантьяго Пенья Ueno Bank-тегі алаяқтық ісіне байланысты сенімді теріс пайдаланды және жеке бас пайдасын көздеді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Xinhua.
11 қарашада прокуратура Ueno Bank-тегі қаржы жымқыру ісінің тергелу барысы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл іске Орталық банктің бұрынғы басшысы Карлос Карвальоның да қатысы бар.
– Қазіргі уақытта прокуратурада банкті тарату кезінде қылмыстық сөз байласуға барды деп Пеньяға айып тағуға жеткілікті дәлел жоқ. Мұндай айып тағылса, оның түрмедегі жазасы ұзартылуы мүмкін, – деді Экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше (UDEA) прокуроры Вероника Вальдес.
Вальдестің айтуынша, тағылған айыптар бойынша Пенья 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Парагвай прокуратурасы Ueno Bank-тегі қаржы жымқыру ісін тергеу кезінде бұрынғы президент Сантьяго Пеньяның шетелдегі активтерін анықтап, бұғаттау үшін халықаралық байланыс орнатты.
Атап айтқанда, Еуропа прокуратурасы мен басқа да мекемелерден алынған мәліметтер негізінде Люксембургке ресми сот тапсырмасы жіберілді. Оның мақсаты – кейін тәркіленуі мүмкін активтердің сақталуын қамтамасыз ету.
Бұдан бөлек прокуратура Еуроодақтың қылмыстық әділет саласындағы ынтымақтастық агенттігі – Еуроюст пен Еуропа прокуратурасына сұрау жолдап, Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталықпен байланыс орнатты.
Сондай-ақ айыптау тарапы шетелдегі заңсыз жолмен алынған активтер мен қаражатты іздеу, анықтау және бұғаттау жұмыстарын жеделдету үшін Латын Америкасының Активтерді қайтару желісіне жүгінді.
Еске салсақ, 5 қарашада Сантьяго Пенья отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл шешім Ueno банкінің күйреуінен кейінгі банк дағдарысына байланысты қабылданды. Банк жұмысын тоқтатып, елдің Орталық банкінің басқаруына өтті.
Банк қызметінің тоқтауына байланысты үш миллионға жуық клиент өз жинағына қол жеткізе алмады. Бұл бүкіл елде наразылық туғызып, шеруге шыққандар президент Сантьяго Пеньяның отставкаға кетуін талап етті. Ол 2025 жылға дейін банк иесі болған топтың акционерлерінің бірі еді.
Бұған дейін отставкаға кетпек болған Парагвай президентіне импичмент жарияланғанын хабарлаған болатынбыз.