Паралимпиада чемпионы Давид Дигтярев жаңа пәтер және 25 млн теңгенің ақшалай сертификатына ие болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Париж қаласында өткен Олимпиада және Паралимпиада ойындарында топ жарған және қатысқан спортшыларды салтанатты түрде марапаттады.

пәтер
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Марат Ахметжанов спортшыларды және жаттықтырушыларды төрт жылда бір келетін байрақты жарыста жеткен жетістіктерімен құттықтады. 

пәтер
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Сіздердің жеңістеріңіз - батылдық пен шексіз адами мүмкіндіктердің айқын көрінісі. Ол көп жылғы еңбектің, ерік-жігердің және өмірлік қиындықтардан бас тартпау қабілетінің нәтижесі. Мемлекет осы маңызды салаға жан-жақты қолдау көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысушылармен кездесуде спорт саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды тұжырымдады. Болашақта біз алға қойған мақсаттарға жету үшін жұмыс істейтін боламыз. Қазақстандық спорттың болашағы сіздердің әрқайсыларыңызға байланысты», - деді Марат Ахметжанов.

Салтанатты шарада аймақ басшысы Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревке 3 бөлмелі пәтерге және ақшалай сыйақыға, күміс медаль иегері Еркін Ғаббасовқа 2 бөлмелі пәтерге және ақшалай сыйақыға сертификаттар табыс етті. Ал олардың жаттықтырушылар Юрий Колесников пен Мүслім Сәрсембековке ақшалай сертификат берілді. Сонымен бірге, қыздар арасында Олимпиадаға қатысқан Карина Ибрагимова мен оның жаттықтырушысы Александр Высоцкий бағалы сыйлыққа ие болды. Өз кезегінде спортшылар көрсетілген қолдауға алғыс айтып, жоғары жетістіктерге жетуге уәде берді. 

пәтер
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Осыншама қолдау білдіріп отырған жанкүйерлеріме, туған-туыстарыма және облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқанымыз сіздердің қолдауларыңыздың арқасында, сенімдеріңізді алдағы уақытта да ақтауға тырысамыз», - деп алғысын білдірді Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев.

пәтер
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Айта кетсек, Давид Дегтярев Парижде өткен Паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі санаттағылар арасында чемпион атанған болатын. Ал Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтыққа пневматикалық мылтықтан оқ атудан жарыстың финалында күміс медаль жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар