Паралимпиада ойындарында Қазақстан туын кімдер ұстап шығады
АСТАНА. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтетін Паралимпиада ойындарының салтанатты ашылу кешінде Қазақстан туын кімдер алып шығатыны белгілі болды.Нақтырақ айтсақ, Паралимпиада ойындарында ел туын волейболды отырып ойнаушы Берік Ізмағанбетов пен пара нысана көздеуші Севда Алиева ұстап шығады.

Қазақстандық пара спортшылар Олимпиада ойындарына осымен сегізінші мәрте қатысқалы отыр. 1996 жылдан бері отандастарымыз жазғы Паралимпиадада 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алған.
Алдағы Париж Паралимпиадасына Қазақстан 33 лицензия жеңіп алды. Спорттың 9 түрінен (пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, пара дзюдо) 44 спортшы бақ сынайды.
10 пара дзюдошы Паралимпиада жүлдесі үшін татамиге шығады.
Париждегі додаға бұған дейінгі Паралимпиада бәсекелерінің қос чемпионы мен екі жүлдегері қатысады.
Олар: Зүлфия Ғабидуллина – Рио Паралимпиадасының чемпионы
Давид Дегтярев – Токио Паралимпиадасының чемпионы
Нұрдәулет Жұмағали – Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері
Раушан Қойшыбаева – Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері
Ең жас спортшы – Альфия Тілекқабыл (пара дзюдо, 18 жаста)
Ең егде спортшы – Зүлфия Ғабидуллина (пара жүзу, 59 жаста).
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік рейтингте 75 елдің ішінде 6-орында тұр.
Қазақстан спортшылары биыл алғаш рет пара үстел теннисінен Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды. Еліміздің намысын бұл сында Әли Мақұлбеков қорғайды.
Ең тәжірибелі спортшы – Зүлфия Ғабидуллина. Биыл ол төртінші Паралимпиадасында бақ сынайды.