Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының болашақ жүлдегерлерін дайындау ақысы өсуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігі Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында медаль алуға үміткер спортшылардыдайындаудың ақысын белгілейтін бұйрық жобасын көпшіліктің талқылауына шығарды.

Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының болашақ жүлдегерлерін дайындау ақысы өсуі мүмкін
Коллаж: Kazinform

— Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындарда медаль алуға үміткер спортшыларды даярлауды жүзеге асыратын жаттықтырушы-кеңесшілерге төлем мөлшерін 5000 АҚШ долларына дейін белгілеу ұсынылады, — деп жазылған салыстырмалы кестенің түсіндірмесінде.

Бұл жердегі 5 мың доллар төлемнің ең жоғары мөлшері. Ал ең төменгі мөлшер 800 доллардан кем болмауы керек.

Бұйрық жобасы жоғары дәрежелі спортшылармен, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды жүзеге асыратын жаттықтырушылармен және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандармен жасалған спорттық қызмет туралы шарт арқылы төленетін ақшаның мөлшеріне өзгеріс пен толықтыру енгізуді көздейді. 

— Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң арқылы Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары Олимпиада ойындарымен тең дәрежедегі мәртебеге ие болды. Мемлекет ұлттық паралимпиадалық және сурдлимпиадалық қозғалыстарды таниды және қолдайды, оларға паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жан-жақты көмек көрсетеді, — делінген баспасөз-релизде.

Еске салсақ, Астана қаласының әкімдігі Париждегі Паралимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салған спортшыларға қандай сый-құрмет көрсеткені белгілі болған еді. 

Соңғы жаңалықтар