Паразиада-2018: Отан абыройын отырып қорғаған спортшылар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 қазанда Индонезияның Джакарта қаласында Паразиада ойындары басталады. Қазақстанның намысын айтулы додада 9 спорт түрінен 93 спортшы қорғағалы отыр.

Ел сенім артқан спортшылармен бірге отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасының да алтын медальға үміті зор. Қытай мен Иран секілді кіл мықтыларымен бұл күнде терезесі тең дәрежеде өнер көрсететін ұлттық құрамамыз әлемнің үздік ондығына енеді. ҚазАқпарат тілшісі жарыс алдында ерік-жігері ерек, рухы асқақ спортшылармен кездесіп, ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тақауовпен әңгімелесіп қайтты.

«Басты қарсыластарымыз - Қытай мен Иран»

Отырып ойнау волейболынан ұлттық құрамамыз бүгінгі күні елордадағы Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында дайындалып жатыр. Әлемдік стандартқа сай бірегей орталық ҚР Ұлттық паралимпиадалық комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтың қолдауымен салынған. Команданың бас жаттықтырушысы Бауыржан Тақауовтың айтуынша, Қазақстанда отырып ойнау волейболы 1987 жылдан бері бар екен. 1991 жылдан 1999 жылға дейін белгілі бапкер Жәнібек Сауранбаев осы спорт түрінен Қазақстан құрамасын жаттықтырып, команда 1994 жылы Бейжіңде, 1998 жылы Тайландта өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанған. 2002 жылы Кореяның Пусан қаласында өткен Азия ойындарында күміс медальға ие болған.

«Ол кездегі ойыншылардың бәрі жасы келгеннен кейін спорттан кетті. Бүгінгі күні біздің ұлттық құраманың негізгі бөлігін Атырау командасының спортшылары құрайды. Оның ішінде үшеуі Қызылордадан, қалғаны түгелімен Атыраудың жігіттері. 2009 жылы жастар арасында өткен Әлем чемпионатында біздің команда қола жүлде жеңіп алды. 2010 жылы Американың Оклахома штатында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атандық. Қазіргі таңда біздің команда әлемдік дәрежеде үздік ондықтың қатарында. Күні кеше Әлем чемпионатында тоғызыншы орын алып, Еуропаның азулы үш командасы, соның ішінде Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Германия құрамасын, Голландия мен Хорватияны ұттық», - дейді құраманың бас бапкері.

Отырып ойнау волейболының саңлақтары қазіргі таңда Паразиада ойындарына қызу дайындалып жатыр. Жатын орыны мен тамағының бәрі де бірегей орталықта қарастырылған. Сәтін салса, 1 қазан күні спортшылар сапарға аттанып кетпек. Әлбетте, кез келген спорт түрінен әлемнің үздік деген командалары бар. Бауыржан Тақауовтың айтуынша, ұлттық құраманың мақсаты - отырып ойнау волейболынан Иран, Қытай, Ирак, Жапония және Корея командаларын жеңу. Айта кетерлігі, Иранда бұл спорт өте жүйелі түрде жолға қойылған. Ол елде дәл осындай отырып ойнау волейболынан 130 команда бар екен.

«Амандық болса, жігіттеріміз лицензия алып, Паралимпиада ойындарына қатысады деген үміттеміз. Иран Әлем чемпионатында топ жарып, лицензия алып қойды. Енді осы Жакартада өтетін Паразиадада бір лицензия беріледі. Содан үміт бар. Ұлттық құрама сапынан 12 спортшымыз ел намысын қорғайтын болады. Жалпы, Жакартада он команда бас жүлдеге таласады», - дейді бапкер.

Бауыржан Тақауовтың айтуынша, ұлттық құрама сапындағы спортшылардың бәрі де бір кезде он екі мүшесі сау азаматтар болған. Алайда тағдыр жазуымен бірі көлік апатына, енді бірі тағы басқа оқыс оқиғаға тап болған адамдар. Соның бірі Ерік Қасқабаев жеті жасында мектептен қайтып бара жатып пойыздың астына түсіп қалған екен. Тағдыр тәлкегіне тап болса да, бала кезден спортқа құмар Ерік бүгін, міне, ұлттық құрама сапындағы үздік спортшылардың бірі болып отыр.

«Осы жасқа дейін біршама сайыстарға қатысып, ұлттық құрама сапында өнер көрсету бақыты бұйырды. Азия ойындарында осымен төртінші рет бағымызды сынағалы отырмыз. Біздің құраманың ойыншыларының бәрі жас. Жарыстар мен спорттық сапарлар бізде жиі болып тұрады. Тұрақты түрде жарыстарға қатысып тұрмасақ, командамен қайта бейімделу өте қиынға түседі. Қарсыластарымыз күніне екі рет 6-7 сағаттан дайындалатынын естідік. Чемпион атану үшін көп тер төгу керек», - дейді Ерік.

Жасы отыздан асып кеткен Ерік бала кезінде Бауыржан Тақауовты кездестіргелі жанынан қалмаған.

«Отырып ойнау волейболының кәдімгі волейболдан көп айырмашылығы жоқ. Доп беріс кезінде блок қоюға болады. Сетканың биіктігі 1 метр 15 сантиметр. Біздің ең бойшаң спортшы Александр Демеуовтің бойы - 2 метр 18 сантиметр. Әлекеміз, шабуылға да мықты. Алтын медаль алуға барымызды саламыз», - дейді Ерік Қасқабаев.

Корея бапкері: Қазақстанды арнайы таңдадық

Паралимпиадалық жаттықтыру орталығына кіргенімізде ұлттық құрама спортшыларымен бірге Оңтүстік Кореяның Кенгидо қаласынан келген спортшылар да жүр екен. Естіп білгеніміздей, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті мен Оңтүстік Корея елінің «Кенги-до» спорттық қауымдастығы ынтымақтастық туралы келісімге келіп, осы келісім аясында тәжірибе алмасу жүріп жатыр. Ұлттық паралимпиада комитетінің менеджері Рауан Сәтжановтың айтуынша, осыған дейін Қазақстанның отырып ойнау волейболшылары Оңтүстік Кореяға барып оқу-жаттығу жиынынан өтіп келген. Ендігі кезекте кореялық спортшылар Астанаға келіп отыр.

Кенгидо қаласынан келген, аталмыш қаладағы отырып ойнау волейболынан жасақталған құраманың бас бапкері Же Жиң Вонды сөзге тарттық. Оның айтуынша, отырып ойнау волейболынан Қазақстан үздіктердің қатарында болғандықтан, өзара ынтымақтастыққа кореялықтардың өздері мүдделік танытқан.

«Соңғы үш күнде Қазақстан спортшыларының өнерін үздіксіз тамашалап келемін. Күні кеше Бауыржан Тақауовпен біршама тілдестік. Біздің спортта ең мықты командалар Қытай мен Иран десек те, менің ойымша, Қазақстан құрамасының дайындығына қарап отырып, мықты командаларды ұта алатынына көзім жетіп отыр», - дейді ол.

Оңтүстік Кореядан келген бапкерден өз елінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетілетінін сұрап көрдік.

«Біздің елде де паралимпиадашыларға арналған спорттық орталықтар баршылық. Кореяда әрбір паралимпиадашы спортшының өзінің жұмысы бар. Яғни, спорттық жиын басталған кезде оларға тәуліктік немесе айлық ақы беріліп, жарысқа жіберіледі. Ұлттық құрамаларда да солай. Десе де, сіздердегідей паралимпиада ойындарында жоғары жүлдеге қол жеткізгендер қарапайым спортшыларға берілетін сыйақыға тең сома алады», - дейді Же Жиң Вон.

«Паразиада ойындарынан құр қайтқан емеспіз»

Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Паралимпиада комитетінің спорт бойынша менеджері Рауан Сәтжановпен әңгімелесудің сәті түсті. Менеджер атап өткендей, Индонезияда Қазақстаннан 93 спортшы отырып ойнау волейболы, пара пауэрлифтинг, жүзу, жеңіл атлетика, садақпен ату, оқ ату түрлерінен ел намысын қорғауға бара жатыр.

«Қазір қанша медальға үмітті болып отырғанымызды тап басып айта алмаймыз. Бірақ, қоржынымыз бос келген кез болған емес. Біз Азия шеңберінде бәсекелестік таныта алатын бірнеше спорт түрі бар. Нақтырақ айтқанда, жүзу спортынан бізде алтын медаль барын (Зүлфия Габидуллина) білесіз. Пара пауэрлифтинг саңлақтары да мықты. Риода өткен паралимпиада ойындарында осы спорт түрінен күміс медальге қол жеткізген болатынбыз. Жеңіл атлетикадан да үмітіміз зор. Ешқандай спортшыларымыз әлсіздік танытпасы анық», - дейді ол.

Рауан Сәтжанов Қазақстанда Паразиада ойындарының бағдарламасына енбей қалған көптеген спорт түрлері өрістеп келе жатқанын айтады. Мәселен, паралимпиадалық ат спортының дамуы ерекше.

Заң бойынша Параазиада ойындарында топ жарған спортшыларға Азиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшылармен бірдей сыйақы берілуі керек. Мұндай заң елімізде 2014 жылы енгізілген. Ендеше іске сәт! Ел намысын намысын қорғауға кетіп бара жатқан спортшыларымызға медальдің алтынын тілейміз!

Соңғы жаңалықтар