Париж-2024: АҚШ жалпы медальдар санын 94-ке жеткізді

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында АҚШ құрамасы жалпы медальдар санын 94-ке жеткізіп, қарсыластарынан көш бойы озып кетті.

Париж – 2024: АҚШ жалпы медальдар санын 94-ке жеткізді
Фото: olympics.com

Нақтырақ айтсақ, АҚШ құрамасының еншісінде 27 алтын, 35 күміс, 32 қола медаль бар. Осылайша олар әзірге Париж Олимпиадасынан жалпы 94 медаль иеленіп, жеке дара көш бастап келеді.

Ал Қытай құрамасы оладан 2 алтынға кем. Олардың еншісінде 25 алтын, 23 күміс, 17 қола медаль бар. Жалпы медальдар санын 65-ке жеткізді.

Үздік үштікті әзірге Аустралия құрамасы түйіндеп тұр. Оларда 18 алтын, 12 күміс, 11 қола (41) медаль бар.

Ал Париж Олимпиадасында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола (7) медаль жеңіп алған Қазақстан спортшылары әзірге 28-орынды қанағат тұтты. Бүгін Париж Олимпиадасында 3 мемлекеттің қоржынына алғашқы жүлделері түсті. Осылайша Париж Олимпиадасынан медаль алған елдер саны 72-ге жетті.

Олимпиада қожайындары Франция құрамасы әзірге төртінші орында келеді. Олардың еншісінде 13 алтын, 17 күміс, 21 қола (51) медаль бар. Жалпы Олимпиада алтынына 48 мемлекет, күміске 63 ел, ал қолаға 72 ел қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып жатыр.

Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.

Соңғы жаңалықтар