Париж-2024: Әмір Закиров алғашқы бәсекесінде қарсыласына есе жіберді

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін брейкингтен ерлер арасында топтық кезең басталды.

Әмір
Фото: ҚР ҰОК

Отандасымыз Әмір Закиров алғашқы батлында Menno-дан (Нидерланд) жеңіліп қалды. Раундтар бойынша есеп: 0-2 (1-17) Бірінші раунда тоғыз төрешінің біреуі ғана Әмірге жеңісті берсе, екінші раундта барлық төреші Menno жеңді деп шешті.

Енді Ұлттық құрама спортшысы D тобында біраздан соң Billy (Марокко) және Quake (Қытайдың Тайпейі) лақап атымен белгілі қарсыласымен сынға түседі. Топтан үздік екі биші ширек финалға шығады.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін еркін күрестен медальдан үмітті балуанымыз Әлішер Ерғали (97 келі) ширек финалдық белдесуде әлем чемпионы, Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы Бахрейн балуаны Ахмед Тажудиновтан 14:2 есебімен ұтылып қалды.

Соңғы жаңалықтар