Париж-2024: Елдос Сметов азулы қарсыласын жеңіп, финалға шықты

ПАРИЖ. KAZINFORM – Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Елдос Сметов жартылай финалда испаниялық тәжірибелі татами шебері Франциско Гарригосты ұтып, Париж Олимпиадасының финалына шықты.

Сметов
Фото: olympic.kz

Енді отандасымыз Париж Олимпиадасының алтын жүлдесіне таласады.

Елдос жартылай финалда 29 жастағы Франциско Гарригос – 2023 жылғы әлем чемпионын таза ұтты.

Айта кетейік, Елдос бірінші белдесуінде нидерландылық Торнике Тсакадоеаны жеңсе, екінші айналымда украиналық Дилшод Халматовты Waza-Ari әдісімен таза жеңіп, ширек финалға шықты. Үшінші рет татамиде әлемдік рейтингіде бірінші тұрған Қытайлық Тайпей өкілі Ванг Вейден Waza-Ari ұпайымен басым түсіп, жартылай финалға сүрінбей жетті.

Осылайша, Сметов қазақстандық спортшылар арасында Париж Олимпиадасының жартылай финалына шыққан алғашқы спортшы атанды.

Соңғы жаңалықтар