Париж Құдай Ана соборы қайта ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – 2019 жылы алапат өрттен зардап шеккен әлемдік мәдени мұра саналатын Париж Құдай Ана соборы ұзақ уақытқа созылған қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде, 2024 жылдың 7 желтоқсанында қайта ашылады, деп хабарлайды RFI халықаралық француз радиосы.

Париж Құдай Ана соборы қайта ашылады
Фото: Francois Mori/AP

Собордың ашылу салтанатына 50-ден астам елдің басшылары шақырылған. Франция президенті Эммануэль Макрон шара барысында сөз сөйлейді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп «Truth Social» платформасында бұл шараға қатысатынын растады. Ал қазіргі президент Джо Байденнің орнына оның жұбайы Джилл Байден қатысады.

7 желтоқсанда соборда арнайы ашылу рәсімі мен діни шаралар өтеді. Ал 8 желтоқсанда, Қасиетті Марияның мерекесіне орай, ұзақ жылдардан кейін алғаш рет месса өткізіліп, собордың негізгі бөлігі көпшілікке қолжетімді болады. Осы күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, собор маңында 6000-ға жуық полиция мен жандарм қызмет атқарады.

Шара соңында әлемге танымал әртістердің қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Бұл мерекелік кеш Франция телевизиясында тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетейік, 2019 жылғы өрттен кейін алғаш рет Париж Құдай ана соборының қоңыраулары соғылды.

Париж Құдай ана соборы 2024 жылдың соңында келушілер мен құлшылық етушілерге ашылатынын жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар