Париж маңында ер адам көліктен оқ атты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Париж маңындағы Ивелин департаментінде ер адам Трапп және Ла-Верьер қалаларының көшелерінде жүріп келе жатқан көліктен оқ атты. Алдын ала мәлімет бойынша, бір адам қаза тауып, кемінде төрт адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында 12 жастағы қыз бар.

Париж маңында ер адам көліктен оқ атты
Фото: France 24

Күдікті ұсталды. Оқиға таңғы сағат 10:30 шамасында болған. Француз БАҚ-тарының мәліметінше, 39 жастағы ер адам көршілес екі коммунада әр жерден автоматты қарудан оқ атқан. Оның Sten үлгісіндегі тапанша-пулемет қолданғаны хабарланды. Шабуылшы нақты нысананы таңдамай, бей-берекет оқ жаудырған.

Қаза тапқан адам — алған жарақатынан көз жұмған 26 жастағы ер адам. Ал 12 жастағы қыз бірнеше жерінен оқ жарақатын алған. Қалған зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.

Күдіктіні полиция көршілес Куаньер коммунасында көп ұзамай ұстады. Ол қамауға алынды. Ішкі істер министрі Лоран Нуньес болған оқиғаны «аса ауыр оқиға» деп атап, оқиға орнына барды.

Президент Эммануэль Макрон қаза тапқан адам мен зардап шеккендердің жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Ұлттық терроризмге қарсы прокуратура (PNAT) істі өз бақылауына алып, адам өлтіру және «терроризм әрекетіне байланысты» адам өлтіруге оқталу баптары бойынша тергеу бастады. Сондай-ақ қылмысты ауырлататын мән-жай ретінде жәбірленушілердің белгілі бір нәсілге, этникалық топқа, ұлтқа немесе дінге жататындығына байланысты шабуыл жасалған болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, А санатындағы қаруды заңсыз сақтауға қатысты тергеу жүргізіледі.

Қазіргі уақытта шабуылшының әрекетіне не себеп болғаны ресми түрде анықталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны нақтылануы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Иорданияда жерлеу рәсімі кезінде шіркеуде атыс болғанын хабарлағанбыз.