Париж Олимпиадасына қатысқан Данияр Шамшаев ел чемпионатында топ жарды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралдағы «Жайық арена» спорт кешенінде ересектер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты жалғасын тапты.
Жексенбі күні бес салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
Әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта ақтөбелік Бақыт Құсақбаева финалда қызылордалық Дина Мұхамбеттен айласын асырып, алтыннан алқа тақты.
Түркістандық Аяулым Қалмырза мен жетісулық Іңкәр Төлепберген қола жүлдені місе тұтты.
Қостанайлық Самалай Ерғалиева (63 келі) соңғы бәсекеде атыраулық Дамеля Асылханованы қапы қалдырды. Жамбылдық Асылжан Орынбасарова мен қарағандылық Валерия Постникова үздік үштікке енді.
Финалда алматылық Көркем Орымбекті жеңген Мөлдір Нарынова (70 кг) Жетісу облысына алтын сыйлады.
Бұл салмақта Шымкент қаласынан келген егіздер Нұрсезім мен Гүлсезім Тұрлыбектер қола жүлдені өзара сарапқа салды. Жүлде Нұрсезімге бұйырды. Тағы бір қоланы атыраулық Шынар Бітімбай алды.
Ерлер арасында жамбылдық Данияр Шамшаев 73 келіге дейінгі салмақта өзінің фаворит екендігін дәлелдеп, жеңімпаз атанды. Париж Олимпиадасында бақ сынаған Д. Шамшаев биыл Хорватиядағы Еуропа кубогінде топ жарған еді.
Жетісулық Дархан Қойбағар күміс, қарағандылық Дастан Жұмажанов пен Абай облысының өкілі Дастан Шаяхметов қола медальға ие болды.
Маңғыстаулық Асқар Нарқұлов 81 келіге дейінгі салмақта алтыннан үміткерлердің бірі еді. Алайда ол жарақатына байланысты соңғы белдесуге шыға алмағандықтан, жеңіс астаналық Мәди Амангелдіге берілді. Абай облысынан Ерзат Арғынов пен тағы бір маңғыстаулық Азат Күмісбай қоланы қанағат тұтты.
Дүйсенбі күні ауыр салмақтағы дзюдошылар татамиге шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айбек Имашевтің дзюдодан ел намысын ең мықтылар қорғайтынын мәлімдегенін жазған едік.
Сондай-ақ дзюдодан Қазақстан біріншілігінде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы финалға дейін жетті.
Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар алғаш рет Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды.