Париж Олимпиадасында Елена Рыбакинамен бірге ойнауға дайынмын – Александр Бублик

Александр Бублик
Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Париж Олимпиадасында Елена Рыбакинамен бірге миксте ойнауға дайын екендігін мәлімдеді. А.Бубликтің айтуынша, бұл қазақстандық теннисшілердің биылғы Олимпиадада медаль алу мүмкіндігін көбейтеді.

«Ленамен көптен таныспын. Бір-бірімізбен байланыстамыз. Оның тамаша командасы бар. Біз оның командасымен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Микст туралы айтсақ, иә, мен онымен бірге ойнағым келеді. Еліміз үшін жекелей, жұптық сында және миксте өнер көрсетіп, барымды салуға әзірмін. Жекелей сын өз алдына, Александр Недовесовпен бірге ойнаймын. Еленамен де бірге неге сынға түспеске!? Бұл Қазақстанның медаль алуға деген мүмкіндігін арттырады. Ең маңыздысы осы», - деді теннисші.

Бүгін А.Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымында франциялық Артур Казомен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Уимблдонда әлемнің экс 1-ракеткасын жеңді.

Соңғы жаңалықтар