18:05, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Парижде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-француз үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Наурыздың 2- сі мен 4-і аралығында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов бастаған қазақстандық делегация Францияда іс-сапармен болады.
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, осы сапар аясында бүгін Б. Сұлтановтың және Францияның Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Анн-Мари Идрактың тең төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-француз үкіметаралық комиссиясының кезекті 8-ші отырысы өтеді. «Оның барысында тараптар сауда, энергетика, инфрақұрылым, ғарыш, кадрларды дайындау, машина жасау, ауыл шаруашылығы, технологиялар трансферті, қоршаған ортаны қорғау, қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ Франция Президенті Николя Саркозидің 2009 жылы Қазақстанға жоспарланған сапарын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді талқылайды», - деді Е. Ашықбаев. «Б. Сұлтанов Экономикалық ынтымақтастық және даму үйінің штаб пәтерінде Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдай мен оны тұрақтандыруда қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасайды. Француз кәсіпкерлері қауымдастығында іскер топ өкілдерімен кездеседі»,- деп қосты ол.