Парижде Еуропадағы қазақ диаспорасы жастарының конференциясы болады

Оны Еуропа қазақтары қауымдастығының федерациясы және «Қазақстан - Франция - Түркия» мәдени және серіктестік қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Пленарлық отырыста «Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының жастар қанаты», «Қазақтардың тарихи отандарынан Батыс Еуропаға көші-қон тарихы және өзге ұлттық ортада қазақи сәйкестенуін қалыптастыру» деген тақырыпта баяндамалар тыңдалады. Конференция жұмысы түрлі секциялар бойынша жүреді. Мәселен, «Қазақ көші тарихы және оның болашағы» секциясында диаспораның қалыптасу тарихы, этникалық сәйкестік пен ұлттық мәдениетті сақтау мәселелері қарастырылады. «Еуропа қазақтарының сәйкестігі мен шоғырлануы: тіл (қазақ, түрік, еуропалық тілдер) мәселелері» секциясында жастардың арасындағы этникалық сәйкестікке, мәдени байланыс пен ықпалдастыққа, туған тілін меңгеру мәселелеріне назар аударылады. Ал диаспораның басқа мәселелері «Қазақ жастарының Еуропа мен Қазақстанда білім алуы», «Тарихи отан - Қазақстанмен болған байланыстар» секцияларында жан-жақты талқыланбақ.